Қазақстандық вакцинаны шығарумен нақты кім айналысатын болды?

Отандық вакцина ақыры шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымдар 50 мың дозасын әзірледі. Жақсы ғой. Бірақ әрі қарай не болады? Осыдан екі апта бұрын QazVac-ты Түркияда құятын болды деген ақпарат тарады. Бірақ қашан екені әлі белгісіз. Себебі неде?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Қолда барды қолданудан қорқып отырмыз. Иә, біздегі жағдай осындай. QazVac-ты айтам. Оған күмәнмен қарайтындар көп. Әлеуметтік желідегі жазбалардан-ақ елдің пікірін білуге болады. Неге күдіктенеді дейсіз бе? Айтайын. Ғалымдар бұл вакцинаны бір жыл бұрын әзірлеуге кіріскен. Сөйтіп, аз уақытта дайындап шығарды. Сол кезде қуанғандар да, күдікпен қарағандар да көп болды. Елді сендіру үшін ғалымдар «екпені өзімізге салдық» деді. Сөйтіп, бірінші және екінші фазаның сәтті аяқталғаны айтты. Қазір енді үшіншісі жүріп жатыр. Ол жазда бітуі керек. Бірақ соған қарамастан, келесі аптадан бастап халыққа жаппай сала бастайды. Осыдан кейін бұқара күдіктенбей қайтсін?! Оның үстіне, ғалымдар QazVac-тың тиімділігін дәлелдейтін бірде-бір ғылыми мақала жазбаған. Мұнысын олар «мақала жазуға уақыт жоқ» деп түсіндірген.

Күнсұлу Закарья, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатынан үзінді

- Мақала жазуға уақытымыз да, мүмкіндігіміз де жоқ. Біз демалыссыз жұмыс істеп жатырмыз. Ал ғылыми мақала жазу үшін сараптама керек. Оған тыңғылықты дайындалуымыз қажет. Сондықтан ол мақаланы үшінші фаза біткеннен кейін, шамамен қыркүйек айында жазамыз деп жоспарлап отырмыз.

Ғалымдарға кінә артудан аулақпыз. Екпе шығара алмай жатқан қаншама мемлекет бар. Соларға қарап «шүкір!» дейсің ғой. Бірақ екі апта бұрын елді екі ойлы қылатын тағы бір ақпарат тарады емес пе?! «Қазақстандық вакцинаны енді Түркияда шығаратын болды» деді. Анығы, сол жақта құтыға құятын болыппыз. Өйткені Қордайда салынып жатқан зауыттың құрылысы әлі бітпеген. Ал кеше біз сеніп жүрген түркиялық компаниямен әлі 100%-тік келісім жоқ екені белгілі болды.

Нұрлыбек Асылбеков, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департамент басшысы:

- Қазір түрік компаниясымен 100%-тік келісім жоқ. Тараптар әлі бір тоқтамға келмеді. Субстанцияны қалай жеткіземіз, олар қандай көлемде шығарып береді, мұның барлығын әзірге айта алмаймыз. Өйткені келіссөз әлі де жалғасып жатыр. 

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі: «вакцинаны кім шығарса, келіссөзді де солар жүргізеді» деп еді. Олардың пайымына салсақ, мұнымен биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты айналысуы керек. Ал олар Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Бүгін осы вдемствоның өкілі: «біз ешкіммен келіссөз жүргізіп жатқан жоқпыз» деп, айды аспаннан бірақ шығарды.

Мирас Дәуленов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Білім және ғылым министрлігі түрік компаниясымен ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты тек субстрат қана шығарады. Зертхананың қуаты соған ғана жетеді. Ал вакцинаны көп мөлшерде шығару бізге жүктелген міндет емес.

Сонымен, қазақстандық вакцинаны шығарумен нақты кім айналысатын болды? Мұны әзірге ешбір маман түсіндіріп бере алмады. Бір-біріне сілтеп қана отыр. Бүгін QazVac-тың 50 мың дозасы өңірлерге таратыла бастады. Ғылыми инстиут бұл екпені көп мөлшерде шығара алмайды. Оған қауқары жетпейді. Басқа елге қолқа салып отырғандары содан шығар. Ал түріктер келіспесе, онда кім шығарып береді? Бұл сұраққа жауап беретін маман табылмады.

Авторы: Дастан Сейілханұлы