«Жағдай күрделі» деген Қ.Тоқаев әскерилерді неге жинады?

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД аумағында һәм іргедегі елдердегі жанжалдарға қатысты пікір білдірді.

«Жағдай күделене түсті» деген Президент әскер мен барлық күштік құрылымға сырттан келетін қатерге әрдайым дайын болуларын тапсырды.

Қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Бірақ... Бірақ ұлттық мүддеге нұқсан келетін болса қарап жататын біз емес. Кез келген әрекетке тойтарыс бере аламыз. Осыған әскеріміз һәм тұтас күштік құрылым әзір болуы тиіс. Оның үстіне соңғы уақытта жер жүзінде түрлі қақтығыстар көбейіп кетті емес пе?!.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сарапшылар алпауыт мемлекеттер арасындағы тартыстарды қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі ахуалмен теңестіруде. ТМД аумағында, тіпті іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда болып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйткілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқаны кеңге салмай, ұлттық қорғаныс ісінде темірдей тәртіп сақтауымыз керек. Біздің әскеріміз және барлық күштік құрылымдар сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым сақадай-сай дайын болуға тиіс.

Бүгінде қазақ елін өзге жұрт өңірлік және халықаралық тұрақтылықтың ұйытқысы ретінде мойындайды. Әскерилеріміз БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы аясында өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Ал ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері «Жусан» арнайы операциясын мінсіз орындады. Полиция мен прокуратураның қызметі де кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары басталды. Оның тиімді жүзеге асырылуы халықтың билік институтына деген сенімін едәуір арттырып, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен әлеуметтік әділдікті нығайтуға септігін тигізеді. Еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту үшін мемлекет әскери дайындық пен Қарулы күштерді жабдықтауға баса мән береді. Әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы біртіндеп жақсарып келеді. Әскери қызметшілерге жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің айрықша назарында болады.

Ертең – Отан қорғаушы күні. Ал 9 мамыр – Жеңіс мейрамы. Қос бірдей мереке биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен орайласып отыр. Осы ретте Президент «Егемендіктің қадір-қасиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығында», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осы асыл құндылықтарды Қарулы күштеріміз қас қақпай күзетіп тұр. Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында мемлекетіміздің мықты қорғаныс жүйесін қалыптастырдық. Әскеріміздің бес қаруын сайладық. Сарбаздарымыздың жауынгерлік рухын көтеріп, кәсіби машығын шыңдадық. Бүгінде армиямыз – елдігіміздің берік қалқаны, Тәуелсіздігіміздің мызғымас тұғыры.

Батыр елінде, балық көлінде. Қасым-Жомарт Тоқаев елде өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес екенін айтты. Айтты да, әскерилер мен күштік құрылымның қызметкерлерін марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздердің отаншылдық рухтарыңыз, ең алдымен жас ұрпақ үшін жақсы үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Сіздер ерен еңбек пен нағыз ерлікті паш етіп келесіздер. Жоғары мемлекеттік марапаттар Отан алдындағы қызметтеріңізге жаңа жігер береді деп сенемін.

Сонымен Отан қорғаушылар күнінің қарсаңында Ақордада Президенттен кімдер шен, атақ алды? Салтанатты рәсім барысында Марат Құсайыновқа, Руслан Шпекбаевқа генерал-лейтенант әскери атағы берілді. Ал Айдар Аймұрзин, Рүстем Ақбалин, Нұрлан Алдияров, Алмаз Ахмадиев, Серік Борамбаев, Мереке Күшікбаев, Қуанышбек Үштаев генерал-майор әскери атағын иеленді. Ал Айбар Дуанбаевқа, Шыңғыс Қоңқашев пен Руслан Сейсембаевқа Президент ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағын берді. Сондай-ақ Мұрат Баймұқашев, Оңал Бекиев, Ақынқали Дәрменов, Арыстанғани Заппаров, Нұрлан Мәсімов пен Марат Төлебаев полиция генерал-майоры арнаулы атағын алды. Ал Жанат Ешмағамбетов әділет генерал-майоры атанды. Ал І дәрежелі «Даңқ» орденімен Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары Талғат Мұхтаров, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы Кендебай Адамбеков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов, Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Арман Жұмағалиев наградталды. Бұдан бөлек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының орынбасары Әділжан Алшыновқа І дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Осылайша ел қорғап, қауіпсіздікке жауап беретін ондаған азамат бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтан орден, медаль алды.

Қорған Қонысбайұлы