Қадір түнінде мешітте орындалатын рәсімдер онлайн түрде өтеді

Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн режимде өтеді. Бұл жайында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Қадір түніне қатысты мәлімдемесінде айтылды.

«Өздеріңізге белгілі, еліміздегі және әлемдегі көптеген қоғамдық іс-шаралар мен жиындар онлайн режимде өтуде. Оның басты себебі пандемиялық жағдайды одан сайын күрделендірмеу екені белгілі. Өйткені жұқпалы дертпен оқшаулану арқылы ғана күресудің маңызы күн сайын артуда. Әлемдік тәжірибеде коронавируспен күресудің оқшаулану тәсілі оң нәтижесін беріп жатқанын жақсы білеміз», - делінген мәлімдемеде.

Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі пандемиялық жағдайды ескеріп, қауіпті дерттің таралуын алдын алу үшін қасиетті Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн режімде өтетінін хабарлады.

«Осы ретте Қадір кешін үйде өткізу қажеттігін қаперлеріңізге саламыз. Халықтың денсаулығы мен өмірі бәрінен қымбат құндылық болғандықтан, осындай уақытша шешімді дұрыс қабылдауларыңызды және тәртіпке бағынуларыңызды сұраймыз. Әр адам өзінің отбасы мен қоғам алдындағы азаматтық әрі адамгершілік жауапкершілігін терең сезініп, жұқпалы дерттің таралмауына үлес қосса, Алланың жәрдемімен бұл сынақты да еңсереміз. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп бұйырған. Бұл аят баршамызға өмірлік ғибрат болуы тиіс», - деді басқармадан.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Қадір түнінде отандық телеарналар мен «Халық арна», «Хикмет ТВ» және muftyat.kz сайтының әлеуметтік желідегі парақшаларында арнайы онлайн бағдарлама ұйымдастыратындығын да атап өтеді.

«Қасиеті мол қадір түні» атты онлайн бағдарламада елімізге белгілі ғалымдардың уағыз-насихатын тыңдап, Құран хатым дұғасына қатыса аласыздар. Діни басқарма жанындағы ақпарат беру орталығынан (call center 8- 7172- 33 30 30) тәулік бойы көкейдегі сауалыңызға жауап аласыз. Жаратушы Жаббар Иемізден жер бетінен жұқпалы індетті жойып, қалыпты күнге оралып, қуанышты күндерге жеткізуін тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Әмин!» делінген мәлімдеме мәтінінде.