425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент міндетін адал атқарып келеді

  • 487
  • UPD: 08:16, 17.05.2021
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент міндетін адал атқарып келеді

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Мемлекет басшысы 68 жасқа келді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті қызметін екі жыл атқарып келеді. Осыған орай «Хабар 24» арнасы Президенттің осы уақытта атқарған жұмысын саралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2 жылдан бері президент міндетін адал атқарып келеді. Әуелі несиесін төлей алмай жүрген тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға көмектесті. Қарызын кешіру туралы Жарлыққа қол қойды. Соның негізінде 500 мың адамның несиесі жойылды.

Таяуда жерді шетелдіктерге сатпау, жалға да бермеу туралы заң қабылданды. Бейбіт митингтер өткізуге рұқсат берілді. Заңнамаға тиісті өзгеріс енгізілді. Балаларға жасалған зорлық-зомбылық қылмыстары аса ауыр санатқа жатқызылды. Адам қағып мерт қылған мас жүргізушілер өмір бойы көлік тізгіндеу құқығынан айырылатын болды. Киік атқандарға жаза күшейтілді. Қызметкерінің жемқорлығы үшін басшы отставкаға кететін болды. Президенттік жастар кадрлық резерві мен Ұлттық сенім кеңесі құрылды. Мұның бәрі елдегі өзгерістердің бір сыпырасы ғана. Қазақстанстанның кейінгі 2 жылда қол жеткізген жетістіктері сырт көзге де аян.

2020 жыл тарих жылнамасына пандемия басталған уақыт ретінде жазылды. Коронавирус індеті тек бізді емес, төрткүл дүниені қыспаққа алды. Дағдарыс жайлады. Мемлекет басшысы уақытылы шешімдер қабылдап, бірден халықтың жағдайына баса көңіл бөлді. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар таратылды. 2 миллионға жуық адамның несие төлеу мерзімі кейінге шегеріліп, 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкердің салық жүктемесі азайтылды. Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен құрылған төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия 500-ге жуық маңызды шешімді іске асырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін!

2 жыл бұрын Мемлекет басшысы халыққа осылай ант берді. Бұл 2019 жылдың 12 маусымы болатын.

Артынша шет мемлекеттерге мемлекеттік, ресми әрі жұмыс сапарлар басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөз сөйледі. Елдің ішкі жағдайымен қоса сыртқы нарықтағы өзекті жайттар қозғалды. Биыл Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы өтіп, парламенттік оппозиция ұғымы пайда болды. Азаматтарға зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алуға мүмкіндік жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімдері бұқара тарапынан жоғары бағаланды.

Айталық, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы 1,3 трлн теңге халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалса, жерді шетелдіктерге сатпау, жалға да бермеу жөніндегі шешімі көптің көкейіндегі күдік-күмәнді сейілтті. Президент бұл мәселеде мәлімдеме немесе үндеумен шектеліп қалған жоқ, нақты заңға қол қойды.

Ерлан Қарин, ҚР Президентінің көмекшісі:

- Осы уақытқа дейін түрлі пікірге себеп болған жер мәселесі, шетелдіктерге сату мәселесі түбегейлі шешілді. Әр түрлі сөздер, мәлімдемелер айтылды. Бұл нақты заң. Мәлімдеме емес. Заң нормасы қабылданды. Бұған дейін жай мәлімдеме деп айтатын еді.

Бұдан бөлек мұғалімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен 25 процентке дейін өсті. Дәрігерлердің еңбекақысы орташа жалақыдан екі жарым есеге артатын болды. Қазір медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып жатыр. Сондай-ақ пандемия салдарын жоюға ұлттық қордан қосымша қаражат бөлінетін болды.

Автор: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы