Душанбеде қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігі талқыланды

Тәжікстанға ресми сапармен барған Мемлекет басшысы бүгін Президент Эмомали Рахмонмен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаевты тәжік тарапы «Қасри Миллат» сарайының алдында зор құрметпен қарсы алды.  

Салтанатты рәсімнен соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон іште әуелі шағын, кейін кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Шағын құрамдағы кездесуде Президенттер қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің келешегін сөз етті. Сондай-ақ саяси диалогты нығайтуға ерекше көңіл бөле отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жайын талқылады. Шағын құрамдағы жиынға Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесі де арқау болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екі жақты ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға байланысты маңызды мәселелер қарастырылатын болғандықтан біз осы сапарға зор мән береміз. Бұл ретте талқылайтын мәселе жеткілікті. Былтыр пандемияға қарамастан өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көрсетеді. Әрине біз де өз тарапымыздан бірқатар ұсыныс жасаймыз. Сондай-ақ сіздердің де ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз. 

Екі елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында да келісімдері бар. Осыны атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елінің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі бастамаларына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін тәжік көшбасшысына алғыс айтты. Өз кезегінде Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тәжікстанға ресми сапармен келгені үшін шынайы ілтипатын білдірді.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:

- Тәжік-қазақ қатынасы бүгінде ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан-Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің ішінде екінші орында. Рухани, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ықпалдастық нығайып келеді. Елдеріміздің ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастығы табысты дамуда.