426,04 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Тоқаевты Тəжікстанда қалай қарсы алды

  • 425
  • UPD: 23:45, 20.05.2021

Тәжікстанға ресми сапармен барған Мемлекет басшысы бүгін Президент Эмомали Рахмонмен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаевты тәжік тарапы «Қасри Миллат» сарайының алдында зор құрметпен қошеметтеп қарсы алды.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Коронавирус осы кезге дейін әлем елдерін тырп еткізбеді. Мемлекет басшысының қатысуымен шетте мұндай салтанатты шаралардың өтпегеніне де жылдан асқан екен. Президенттер тек онлайн жүздесіп келді. Ал осы жолы Эмомали Рахмон жүзбе жүз кездесу үшін мамырдың басында Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми сапармен Тәжікстанға шақырған еді. Қазір міне, президенттер амандасып, саулық сұрасты. Енді әнұранымыз шырқалады.

Екі елдің әұраны шырқалып, салтанатты рәсім аяқталған соң президенттер «Қасри Миллат» сарайында беттеді. Тараптар іште әуелі шағын құрамда келіссөз өткізді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарының мәні айрықша екенін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға байланысты маңызды мәселелер қарастырылатын болғандықтан, біз осы сапарға зор мән береміз. Бұл ретте талқылайтын мәселе жеткілікті. Былтыр пандемияға қарамастан, өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көрсетеді.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан республикасының президенті:

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тәжікстанға қош келдіңіз! Қазақ-тәжік қатынасы бүгінде барлық сала бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан – Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің ішінде екінші орында. Мәдени, гуманитарлық бағыттарда тығыз байланысымыз бар. Әсіресе, қауіпсіздік ісіндегі ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді. 

Арадағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуды президенттер кеңейтілген құрамдағы келіссөзде де талқылады. Жалпы бүгінде екі ел арасында 80-нен астам келісімнен тұратын маңызды шарттық-құқықтық база бар. Осының өзі көп жайттан хабар берсе керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шын мәнінде, Тәжікстан – біздің сенімді стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біз де Тәжікстанмен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Сізді, құрметті Эмомали Шәріпұлы, Қазақстанда тәжік халқының барша жұрт мойындаған көшбасшысы деп таниды және құрметтейді.

Эмомали Рахмон бауырлас Қазақстанмен стратегиялық серіктестікке құрылған қатынастарды жоғары бағалайтынын жеткізді. Жеткізді де Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжік-қазақ байланыстарының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Осыдан соң президенттер бірлескен брифинг өткізіп, бүгінгі келісімдердің мазмұнын һәм маңызын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінгі келіссөздер Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынастардың ерекше жоғары деңгейін тағы да растады. Біз Эмомали Рахмонмен екі жақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмастық. Нақты келісімдерге қол жеткіздік.

Сонымен қандай келісімдер? Біріншіден, қазақ пен тәжіктің сауда-экономика саласындағы мүмкіндіктері артады. Бұл бағытта екі ел де зор әлеуетке ие.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз тауар сатудағы мүмкіндіктердің аясын кеңейтудің маңыздылығын атап өттік. Әсіресе, инвестициялық ынтымақтастығымыздағы өндірістік кооперацияны дамыту өзекті. Қазақстандық компаниялар Тәжікстанда көлік, автобус шығаратын кәсіпорындар құрып, трансформатор зауытын салуға дайын. Біздегі бизнес өкілдері гидроэлектр станциясының құрылысы кезінде пайдаланылатын теміржол мен тікұшаққа қажетті жабдықтарды көптеп жеткізуге әзір. 

Екі ел ауыл шаруашылық саласында да бір бірімен тығыз байланыста. Бұл бағыттағы қарым-қатынас та қарқынды. Енді сол қарқын үдей түспек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан өзара тиімді шарттармен Тәжікстанға жеткізілетін бидай, ұн, ет, сүт өнімдерінің көлемін ұлғайтады. Ал сіздердің бізге үлкен көлемде көкөніс экспорттай алатын әлеуеттеріңіз бар.

Қазақ пен тәжік бір-бірімен еркін сауда жасауы үшін арнайы біріккен орталық құрылады. Осының аясында тәжіктің ауыл шаруашылық өнімдері біздің нарыққа көптеп жеткізілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Арадағы транзиттік әлеуетті пайдаланудың маңызы зор. Теміржол тасымалындағы көрсеткіштер жақсы. Былтыр 25 процентке өсті. Осы қарқынды сақтау үшін Үкіметтерге тасымалдау ісін жетілдіру тапсырылды. Бұл арқылы арадағы сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізе аламыз. Тіпті келешекте тауар айналымын екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік болмақ.

Президенттер су һәм энергетикаға да ерекше мән берді. Бұл ретте біздің ел халықаралық қордың аясында Аралды Тәжікстанмен бірлесіп, қалпына келтіруге мүдделі. Себебі, дәл осы тәжік елі қазір Аралды құтқару қорына басшылық етеді. Екі ел әскери-техникалық, одан соң мәдени-гуманитарлық тұрғыда да әріптестіктің аясын кеңейтпек. Себебі Қазақстан мен Тәжікстан – серіктес қана емес, тарихы ортақ елдер. Біздің халықтарды мәдени, рухани құндылықтар біріктіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Екі елде де мәдениет күндерін өткізу керек деп ойлаймын. Халықтарымыз бір-бірін сағынды. Бұдан бөлек, білім беру саласындағы байланысымыз да нығая түседі. Біз мамандарды бірлесіп дайындаймыз. Қазақстанда тәжік студенттері үшін бөлінетін гранттардың саны ұлғайтылады. Бұл біздің жастарымызды жақындастыра түседі деп сенемін.

Қазір әлем тұрақсыз. Шиеленіс, қақтығыс көбейіп кетті. Сондықтан президенттер бұл жолы өңірдегі һәм жаһандағы қауіпсіздікке қатысты да пікір алмасты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз аймақтағы тұрақтылыққа айрықша мән бердік. Орталық Азия – біздің ортақ мекеніміз. Әлемде арандатушылық тиылмай тұр. Экономика да тұрақты емес. Оның үстіне пандемиямен байланысты қиындықтар бар. Терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалдау бізді алаңдатпай қоймайды. Осы ретте Ауғанстандағы проблема бойынша мазмұнды консультация бергені үшін Тәжік тарапы мен оның басшысына ризашылығымызды білдіреміз.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан республикасының президенті:

– Ауған жеріндегі жағдайды ескеріп, біз келіссөздер барысында өңірлік қауіпсіздікке ерекше мән бердік. Мұны біз үшін де, серіктес елдеріміз үшін де нөмірі бірінші мәселе деп айтар едім. Сондықтан бұл бағытта да біз пікір алмасып тұрамыз.

Сапар соңында Қасым Жомарт Тоқаевпен Тәжікстанның Премьер-Министрі Кохир Расулзода да кездесті. Мемлекет басшысы қазақ тарапы ықпалдастықтың барлық бағыты бойынша конструктивті және нақты жұмыстар жүргізетінін жеткізді. Сөйтіп, елге аттанды. Атап өтейін, кеше Президентті Душанбе әуежайынан бар сән-салтанатымен күтіп алған Тәжік басшысы бүгін де құрметті мейманын ұшаққа дейін шығарып салды.

Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров, Алмас Омарғалиев

Хабар 24 телеарнасы