427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қосшы қала атануға лайық па?

  • 435
  • UPD: 09:25, 21.05.2021

Елорда іргесіндегі Қосшыға қала мәртебесі бергелі жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақжолтай ақпар айтып, сүйінші сұрап жатқан адамның қарасы көп. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. 50 мыңнан астам халқы бар Қосшы қалаға айналса, ондағы мұғалімдер мен дәрігерлер жеңілдіктен қағылады. Шаруалардың да шаруасы бітеді. Қаншама адам осыған дейін беріліп келген квотадан қол үзіп қалады. Ауыл халқы әзірге мұны ойлап жатқан жоқ. Олардың уайымы басқа.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Қосшы елорданың іргесінде. Таяқ тастам жерде. Бас қалаға жақын тұр демесең, бас қатыратын мәселе көп мұнда. «Кезіге кеткендер алдымен кеңеземіз кепті», - дейді. Жазда судан айырып тастайды. Жарықтан да жұрдай қылады. 

Шамданып жатқандардың шамына тиетін тағы бір мәселе бар. «Шоқырақ жол шымбайымызға әбден батты», - дейді. Осыны айтып, биліктегілерге талай барған. Бірақ атқа қонғандардың антқа келгенде аясап қалатыны қынжылтады.

Автобус тізгіндеп жүргендер жолдың жайын айтса, жолаушылар аялдама іздеп әлек болып жүр.

Қосшыда аялдамалар жоқ. Адамдар қоғамдық көліктерді мынадай бұрышта тұрып күтуге мәжбүр. Ал бұл жаққа автобустардың тоқтайтынын осындай белгіге қарап қана біле аласың.

Белгіге келгенде бұл жақтағылардың шебер екенін білдік. Асфальт төсеуге асық болмаса да, белгі орнатудан алдына жан салмайды екен.

Бін нәрсені түсінбей тұрмын. Мынау қосалқы көшеге қойылатын белгі ғой. Жүргізушілерге арнап орнатса керек. Бірақ «мына жолмен көлік жүреді» дегенге, әй, күмәнім бар менің.

Жүргізушілердың жайы белгілі ғой. Оқушыларға обал болды. Қарақұрым адам тұратын ауылда екі-ақ мектеп бар. Сенесіз бе?! Екеуі де үш ауысыммен оқытады.

Содан не керек, білім іздеген баланы да, ем іздеген егде жастағыларды да көрдік. Қосшыда бір ғана емхана бар екен. Ондағылар бәріне бірдей көмек көрсетіп үлгермейді.

Халық саны көбейген сайын, қалдыратын қалдықтары да еселеп артқан. Алыстан іздеудің керегі жоқ. Ауылға кіреберісте қобырсып жатыр.

Қосшының қатқыл қалдыққа қақалып тұрғанын да айту керек шығар. Қоқыс шығару мәселесі бұл жақта күйіп тұр. Кімнен сұрай қалсаң да, әуелі соны айтады. Бірақ бұқара базынасына құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Бұқара базынасын арқалап әкімдікке бардық. Бүге-шүгесіне дейін сұрап алмақ едік. Ал ауыл әкімі - әдеттегідей орнында жоқ. 

Қордаланып қалған мәселе көп ғой. Жай-жапсарын білмекке ауыл әкіміне келгенбіз. Бірақ ол кісі, өздеріңіз көріп тұрғандай, орнында жоқ. Түстенуге кетті дейін десең, әлі ерте сияқты, қалай ойлайсыздар?

Әкімнің қайда кеткенін ешкім білмейді. Әйтеуір ауданнан келген маман жүр екен. Сөзге тарттық. Ауылда ауыз судан таршылық барын ол кісі де мойындады.

Валерий Асамбаев, Целиноград ауданы тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Ауылда су ұңғымасы жетпейді. Қазір алтауы бар. Бірақ олар ауыл халқын толықтай ауыз сумен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан қосымша ұңғыма саламыз. Жобасын дайындап қойдық. Қаржы да бөлінген. Жұмысты жақын күндері бастаймыз.

Қосшының қала болғанын қалайтындар көп. Адам саны артып кеткен соң айтатын шығар. Әйтпесе, қала болар ауылдың сиқы анау. Кім біледі, мәртебесі артса жағдайы да жақсарып қалар. Әзірге атауы ғана қалаға сұранып тұрғандай. «Мені де сол қатарға қосшы» деп қиылып тұрғандай.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы