Мемлекет басшысы сауда-саттық жолдарын жаңғыртуды ұсынды

Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» дәлізінің құрылысын толық аяқтау керек.

Осыдан ондаған жыл бұрын басталған жұмысты жандандыруды бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Интеграциялық ұйымның төрағалық міндеті биыл Қазақстанға жүктелген. Осыған орай Мемлекет басшысы одақ мүшелері мен бақылаушы мәртебесіне ие елдер басшыларын онлайн алаңға жинап, өңірлік және әлемдік мәселелерді талқылады.

Жиында Президент наурыз айында Суэц каналында болған оқиғаны мысал етті. Қайраңға тұрып қалған кеменің кесірінен сауда жолдары жабылып, әлемдік алыс-беріс тежелген болатын. Аталған жайт құрлықтағы бағыттардың маңыздылығын дәлелдеді. «Еуразия елдері транспорттық әлеуетін толығымен іске асыруы керек», – деді Президент. Одақ құрылғалы бері шешімін таппай келе жатқан тағы бір мәселе – сауда кедергілері. Оны осы ұйымға мүше елдердің өздері жасайды. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімі өткен проблема деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Комиссияның кедергілермен күресі тоқтаусыз сипатқа ие. Бірақ бұл жұмысты ерекше тиімді деп айта алмайсың. Бұл – ұлттық деңгейде салдарды шешумен күрес. Осылай айтуға болатын болса, онда барынша превентивті одақтық позицияны экономикалық интеграцияға жауапты министрліктер білдіруі тиіс деп санаймыз. Аталған кедергілер мен шектеулер енгізілетін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу кезеңінде қарсылық білдіріп, қорғау қажет. Бізге кедергілерді мониторингілеудің ұлттық жүйесін құру және одақтың ішкі нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкестігін ойластыру қажет. Бұл ретте де кеңес, комиссия мүшелерінің, вице-премьерлердің, Үкіметтің рөлі үлкен.

Пандемия әлемде және елімізде денсаулық сақтау жүйесі мен экономиканың әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайтқа да тоқталды. Оның айтуынша, пандемия және онымен байланысты іс-шаралар жаһандану процесін тежеп, әлемдік экономикаға кері әсер етті. Ірі державалар арасындағы сауда соғысы мен түрлі жанжалдар да өршіп тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әлемдік қоғамдастық біршама күрделі сын-тегеуірінмен, міндеттермен бетпе-бет келіп отыр. Пандемия жаһандық және елдік деңгейде денсаулық сақтау жүйесі мен экономиканың әлсіз тұстарын көрсетіп бергені анық. Екінші жағынан, ол экономиканың жекелеген салаларының – фармацевтика өнеркәсібінің, медициналық қызмет саласының, биоинженерлік және цифрлық технологиялардың дамуына тың серпін берді. Осынау жаңа жағдайларда біз барынша өзекті мәселелердің – экономикалық дағдарыс салдарын қалай еңсерудің, экономика дамуының қалпына келу жолына шығудың тиімді шешімін табуымыз қажет.