Суэц каналындағы оқиға сауда үшін құрлықпен қатынау маңыздылығын көрсетті – Қ.Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ елдері басшыларын онлайн алаңға жинады. Биыл интеграциялық ұйымның төрағалық міндеті біздің елге жүктелген. 

Демек, Қазақстанның басшылығымен біраз жоба жүзеге асады. Ең алдымен арадағы сауда кедергілері жойылуы тиіс. Он шақты жыл бұрын басталған «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізін жаңғырту жұмысы да толық аяқталуы қажет. Бұл құрлықтағы жүк тасымалын жандандырудың негізгі жолы. Онлайн саммитте тағы нендей мәселелер сөз болды? 

Биыл Еуразиялық экономикалық одаққа Қазақстан төрағалық етеді. Жыл соңына дейін осы міндетті абыройлы атқару қажет. Неге десеңіз, былтыр төрағалық еткен Беларусь бірқатар түйткілдің түйінін тарқатып, Өзбекстан мен Кубаны бақылаушы елдер қатарына қосты. Демек, арадағы алыс-берісті арттыруға қолайлы мүмкіндік туып отыр. Тек ішкі кедергілерді жойған жөн. Онлайн жүздесуде Қасым-Жомарт Тоқаев одақ келешегін айқындайтын 5 міндетті атады. Соның бірі сауда жолдарын жаңғырту.

Жыл басында Суэц каналында болған оқиға құрлықтық қатынастың маңыздылығын көрсетті. Қайраңдап қалған кеме әлемдік саудаға әсер етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Наурыз айында Суэц каналында болған оқиға сауда жолдарының осалдығын және әлемдік саудаға қалай әсер ететінін көрсетті. Аталған жайт құрлықтағы бағыттардың маңыздылығын дәлелдеді. Еуразия елдері өздерінің транспорттық әлеуетін толығымен іске асыруы керек. Трансшекаралық учаскелер мен транспорттық күре жолдарды қарқынды түрде жаңғыртуды ұсынамын. Атап айтқанда, Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы реконструкциясын аяқтау қажет. 

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі осыдан он шақты жыл бұрын басталған жоба. Қазақстан тарапы әлдеқашан аяқтап, қолданысқа берді. Ресей жақта құрылысы аяқталмаған учаскелер бар. Президент осыны меңзеді.

«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда жолдарын қайта жаңғыртайық» деді. Одан бөлек мерзімі өткен тағы бір проблема бар. Ол ұйымға мүше елдерде туындайтын сауда кедергілері. Былайғы жұрт оны айқын сезініп жүр. Әсіресе кәсіпкерлер көрші ел нарығына өнімін саудалап, табысын еселейін десе, түрлі шектеулерге тап болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Комиссияның кедергілермен күресі тоқтаусыз сипатқа ие. Бірақ бұл жұмысты ерекше тиімді деп айта алмайсың. Бұл ұлттық деңгейде салдарды жоюмен күрес. Осылай айтуға болатын болса, онда барынша превентивті одақтық позицияны экономикалық интеграцияға жауапты министрліктер білдіруге тиіс деп санаймыз. Аталған кедергілер мен шектеулер енгізілетін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу кезеңінде қарсылық білдіріп, қорғау қажет. Бізге кедергілерді мониторингілеудің ұлттық жүйесін құру және одақтың ішкі нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкестігін ойластыру қажет. Бұл ретте кеңес, комиссия мүшелерінің, вице-премьерлердің, үкіметтің ролі зор.

Пандемия әлемде және елде денсаулық сақтау жүйесі мен экономиканың әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайтқа да тоқталды. Айтуынша, коронавирус және онымен байланысты іс-шаралар жаһандану процесін тежеп, әлемдік экономикаға кері әсер етті. Ірі державалар арасындағы сауда соғысы мен түрлі жанжалдар да өршіп тұр.

«Дегенмен, Қазақстан биыл одақтағы экономикалық интеграцияны ілгерілетуге күш салады», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы жылдың ақпанынан бастап Қазақстанда халықты ресейлік «Спутник V» препаратымен вакциналау жүргізіліп жатыр. Ресейдің көмегімен бұл препараттың өндірісі біздің елімізде де жолға қойылған. Бұл табысты ғылыми-өнеркәсіптік кооперацияның жарқын үлгісі. Мұндай тәжірибені кеңейтіп, басқа да салаларға енгізуге болады. Қазақстан өзінің вакцинасы бар он елдің біріне айналды. Жүргізілген клиникалық зерттеулер оның тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсетті. Бұған қоса барлық болжамдарға қарағанда ковидпен ауыру маусымдық сипатқа ие болып барады. Бұл саладағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды жалғастыру барынша маңызды деп санаймыз.

Бұдан бөлек отырыс барысында Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы интеграциялық бірлестіктің құрылуына тікелей ықпал еткен қайраткер. Осыдан 7 жыл бұрын елордада Қазақстан, Ресей, Беларусь үштігі қол қойған құжат арқылы одақ іргелі ұйымға айналды. Елбасы өз сөзінде «одақтың жыл сайын әлем елдерімен байланысы бекіп, сауда-саттығы жанданып келеді» деп атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Соңғы бес жылда елдеріміздің өзара саудасы 21% өсіп, 2020 жылы 55 млрд долларға жетті. Бұл дағдарыс жағдайындағы көрсеткіш. Әйтпесе біз одан да үлкен жетістіктерге жете аламыз. Коронавирус пандемиясымен келген экономикалық дағдарыс біздің интеграциялық бірлестігіміздің беріктігінің сынағына айналды. Қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шығып отыр. Бұл азық-түлік, дәрі-дәрмек, цифрлық және қаржылық инфрақұрылым сияқты бірнеше саланың кең ауқымын қамтиды. 

Қазақстан Өзбекстанмен бірлесіп, Орталық Азия сауда-экономикалық ынтымақтастығы халықаралық орталығын құру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруға кірісті. Орталық Батыс Еуропа – Батыс Қытай стратегиялық автомагистралінің бойында орналасады. Ол өзара сауда, транзитті қамтамасыз етіп, тауар ағынын арттыруға көмектеседі және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деді Президент. Енді бұл тәжірибені одақтың өзге елдерімен бірлесе жүзеге асыру қажет. Елбасының ұсынысымен Шанхай ынтымақтастық ұйымымен сауда көпірі жобасы жүзеге асырылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Біздің одақта өз аумағымыздағы елдердің тұрғындарын қамтамасыз ету үшін бәрі бар. Тек дұрыс жоспарлап, дұрыс кооперация жасап, дұрыс байланыс орнату арқылы өз аумағымызда бар дүниемен өзге елдерді қамтамасыз етуіміз керек. Жуықта азық-түлік тапшылығын міндетті түрде сезінеміз. Сыртқы байланыстар маңызды. Бұған дейінгі отырыстарда айтқанымыздай, Еуропа мен Азия нарықтарының сауда көпірі жобасын іске асырып, бұл іске Шанхай ынтымақтастық ұйымын да кірістіруіміз керек.

Айта кетейік, биыл Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің сауда айналымы 55 млрд долларға жетті. Бұған дейін ұйымды дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспары бекіген. Мемлекет басшылары сол құжат аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Автор: Рауан Мыңбаев