427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда саяхаттау үшін қанша қаржы керек

  • 368
  • UPD: 11:50, 24.05.2021

Былтыр коронавирусқа байланысты жүріс-тұрысқа шектеулер күшейгенімен, қазақстандықтардың саяхатқа жұмсаған шығыны 2 процентке ғана азайды. Яғни 2020 жылы 8 миллиондай адам ел ішін аралапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туристердің көбі, нақтырақ айтсақ, 3 миллионнан астамы жеке көлігімен қатынаған. 2 миллионға жуығы пойызбен жүріпті. 990 мың адам қалааралық автобус, 290 мыңдайы әуе көлігінің қызметіне жүгінген. Ары-бері жүргеннің бәрі турист емес, әрине. Мысалы, 500 мыңдайы қызметтік іссапарға барған.

Иә, былтыр туризм саласы әжептеуір тұралап қалды. Бірақ биыл қозғалыс жанданады деген үміт көп. Демалыс орындары жаз мезгеліне қызу дайындалып жатыр. Біз солардың ең танымалдарында бір апта тынығу қанша тұратынын және қалай жетуге болатынын сұрап білдік.

Зерттеу нысаны ретінде Алакөл, Бурабай, Ақтау және Түркістан өңірлерін алдық. Мәселен, маусымның ортасына қарай Алакөлде орташа жайлылықта тынығу ақысы 100 мың теңге шамасында. Түркістанда 100-150 мың жұмсайсыз. Бурабайдың баурайындағы демалыс 150 мыңнан басталады. Ал Ақтауға барып Каспийдің жағасында жатамын десеңіз, 200 мың жаратасыз. Картадан көргендеріңіздей, демалыс орындарына ұшақ, пойыз немесе автокөлікпен де баруға болады.

АЛАКӨЛ БАҒЫТЫНДА ЖАҢА ВАГОНДАР ҚОСЫЛАДЫ

Айта кетейін, 1 маусымнан бастап жаз бойы елордадан Алакөлдегі Достық станциясына пойыз қатынай бастайды. Бұған қоса Қызылорда-Семей, Нұр-Сұлтан-Семей бағыттарына, «Достық» бекетіне дейін жолаушы апаратын қосымша вагондар қосылады. Алматы, Талдықорған және Нұр-Сұлтан қалаларынан Үшаралға қатынайтын ұшақ рейстері де көбейеді.

Осы жазда шекара асып, шетелде тынығамын дегендер қанша қаржы жұмсайтынын да алдын ала есептеуге тырыстық. Демалыс күні маусымның ортасына жоспарланған. Мысал ретінде жатын орынға үш жұлдызды қонақ үйді таңдадық. Түркия, Грузия, Египет және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі осы деңгейдегі қонақ үйге жайғасып, тынығу ақысын салыстырдық. Алғашқысында барлығы қосылған 7 күндік тур пакеті 250 мыңнан басталады. Ал Грузияда 10 мыңға қымбат. Мысырда 7 күн демалғыңыз келсе, адам басына 280 мың төлейсіз. Ал Біріккен Араб Әмірліктеріне бару өзгесіне қарағанда қымбаттау. Мұнда үш жұлдызды қонақ үйімен 7 күндік тур пакеті 324 мыңнан басталады.

Ескерте кетейін, бұл – тапсырысты 20 күн бұрын бергендегі баға. Уақыт өткен сайын ол әртүрлі құбылуы мүмкін.

ӘР ЕЛДІҢ ШАРТЫ БАСҚА

«Әр елдің салты басқа» дегендей, коронавирусқа байланысты қазір әр елдің турист қабылдауға қатысты талабы да өзгеше. Мысалы, Бірріккен Араб Әмірліктерінде ұшақтан түскен турист өз қаржысына ПТР-тест тапсырып, нәтижесі шыққанша оқшауланады. Абу-Дабиде ПТР-тест тапсырсаңыз да 5 күн карантинде боласыз. Егер коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған болсаңыз, 10 жатасыз. Грузияда вакцина салдырғандарға және ПТР-тест нәтижесі теріс анықтамасы бар қазақстандықтарға есік ашық. Бірақ мұнда түнгі 23:00-ден таңғы беске дейін комменданттық сағат енгізілген. Египет билігі саяхаттап келіп ауру жұқтырғандарды тегін емдейміз деп отыр. Бұл – саяхатшылар саны азайып кетпес үшін қабылданған шара. Түркия әуежайларында 72 сағат ішінде тапсырылған ПТР-тест нәтижесін сұрайды. Мұнда да қазір кешкі тоғыздан таңғы беске дейін комменданттық сағат енгізілген. Ал демалыс күндері толықтай локдаун. Әрине, туристердің қозғалысына шек қойылмайды. Бірақ сауда-ойын-сауық орталықтары мен мейрамханалар жұмыс істемейді.

РЕСЕЙ ҚИЫР ШЫҒЫС ПЕН АРКТИКАҒА ТУРИСТ ТАРТПАҚ 

Ресей Қиыр Шығыс пен Арктикаға туристерді көптеп тартуға ниетті. 2030 жылға қарай бұл өңірлерге жыл сайын 15 миллион қонақ әкелеміз деген жоспар қойып отыр. Ол үшін туризм саласындағы кәсіпкерлерге қолдауды күшейтіп, жұмысты жүйелемек. Жалғыз талап бар. Туризм табиғаттың тылсым үйлестігіне зиян тигізбеуі керек. Яғни мұнда туристік нысан салып, бизнес бастайтындар жасыл технологияны қолданып, экотуризмге бейімделуі шарт. Мемлекет тек сондай жобаларды ғана қабылдап, қолдайды. Мәліметтерге қарағанда, Ресей туристерді қызықтыратын көрікті табиғи нысандары бойынша әлемде алдыңғы қатарда. Десе де елдегі саяхатшылардың тек екі проценті ғана экотуризмге қызығушылық танытқан.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 428 теңге 82 тиын деп белгіледі. Еуро – 524 теңге 28 тиын. Ал Ресей рублі 5 теңге 82 тиынға тең.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы