427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шарын шатқалына экскурсия мектеп әкімшілігімен келісілмеген

  • 324
  • UPD: 20:26, 30.05.2021

Шарын шатқалында жоғалған 11 жастағы оқушы табылды. Кішкентай қыз экскурсияға барған оқушылар құрамында болған. «Төтеншеліктер» қызды бір тәулікке жуық уақыт іздеді. Селден аман қалған оқушыны құтқару қалай жүргізілді? 

- Алтыным, күнім, біз бәріміз осындамыз. Қазір сені аламыз. Зереша, жаным қалайсың?

- Нормально, мама.

Аман қалған қызының дауысын естіген ананың көңілі босап кетті. 11 жасар Зере кеше 29 мамырда кластастарымен бірге Шарын шатқалына экскурсияға барып, сел салдарынан жоғалып кеткен.

Қуандық Ешимет, Алматы қаласы білім басқармасының баспасөз қызметінің өкілі:

- Оқиға орынында іздестіру жұмыстары нәтижесінде жоғалып кеткен тағы бір қыз табылды. Ол қазір ауруханаға жеткізілді. Балалар мен зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетілді. Бұл экскурсия демалыс кезінде ұйымдастырылған, сол себепті мектеп әкімшілігімен келісілмеген. Болған жайтты Білім беру басқармасы назарға алып, зерттеп жатыр.

Зере Бисембай Шарын өзенінің сол жағалауында, оқиға орынынан 3-4 шақырым жерден табылды. «Төтеншеліктер» қызды жартасты бойлай ұшқанда байқап қалған. Тікұшақта алғашқы медициналық көмек алған бала сел кезінде қалай аман қалғанын айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, оқушылар тұрған тасты су шайып әкеткен. Сол кезде Зере ағыспен бірге кеткен. Кейін қыздың қолы тасқа ілігіп, алдымен ол жағалауға, сосын өрмелеп жартасқа шығып, құтқарушыларды күткен.

Зере Бисембай, құтқарылған қыз:

- Тастарды ұстап тұрдық и тас бәрімізді ұстамай бүйтіп кетті. И потом мен бәрін ұстауға тырыстым да сосын жібере салдым.

– Су ағызып кетті ме?

– Похоже. Я точно не знаю. Мен көзімді ашқан жоқпын. Тасты ұстап алдым бір бұрышын.

Шатқалдың биіктігі 1500 метрге дейін жетеді. Ал өзеннің осы бөлігіндегі жартастардан жаяу жүргінші өте алмайды. Әкесінің айтуынша, баланың аман табылатынына көпшілік сенбеген.

Ұлан Әбішев, құтқарылған қыздың әкесі:

- Бәрі енді айтты үміт жоқ деп. Аяқ киімі табылғаннан кейін. Аллаға шүкір сансыз. Сіздерге көп рахмет. Айтар сөзім жоқ, шыны керек. Бір не болып тұр ғой, бағы бар.

Бисембай Әбішев, құтқарылған қыздың атасы:

- Бүгін міне немеремнің екінші туған күні. Аман-есен. Бүкіл МЧС, Алматы облысына, департамент Алматы МЧС-ке және осы Алматы облысының әкімдігіне барлығына рахметімді айтамын. 

Жалпы Шарын шатқалына экскурсияға барғандардың арасында Алматы қаласындағы №199 гимназияның 8 оқушысы болған. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген. Қайғылы оқиға салдарынан бір мұғалім, бір оқушы көз жұмды. Жетеуі зардап шекті. 

Автор: Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы