31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Өткенге көз жүгіртсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша репрессияға ұшыраған 25 мың адам атылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң осыдан 28 жыл бұрын қабылданды. Қазір бұл бағытта мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

– Ең әдемі көйлегін киіп, ең бағалы әшекейін тағынып, олар әкесімен, бауырларымен, кездесуге асыққан болатын. Бірақ сол бір отарбаның бағыты қай жақ екенін бірі де білмеген. Енді суреттеріне қарасаңыз, сол зұлмат тағдыр иелерінің көзінен мейірім мен қасірет қоса қабысқандай көрінеді.

Азиза Рысқұлова, Дамеш Жүргенова, Рабиға Асфендиярова. Бүгінде АЛЖИР музейінде жазықсыз жапа шеккен 18 мың әйелдің аты сақталған. Олардың жары елге еңбегі сіңген азаматтар. Бірақ өмірі «Халық жауы» деген негізсіз айыппен қиылған.

Назерке Қыдырбаева, «АЛЖИР» музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Мұражайдың қызметкерлері өзге елдерде іс-сапармен барған кезде жәдігерлер әкелінген. 18 мыңға жуық әйел аталып өтіледі. Оның ішінде 62 ұлттың өкілдері отырады. Сондықтан да ұрпақтары бүкіл әлем бойынша, тек Қазақстанда ғана емес. Елбасы қорының қолдауымен бізде басқа шет елдерге шығуға мүмкіншілік болды. Бұл көрмеде Тбилиси, Израиль, Санкт-Петербургтен алып келген заттары, ұрпақтары тапсырған бірегей жәдігерлер бар.

Пандемия жәдігер тасымалына кедергі келтіргені рас. Шекаралардың жабылуы әрі демеушілердің болмауы музей қорын толтыруға мүмкіндік бермеді. Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссия тың деректерге қол жеткізді. Мынау миграциялық карта. АЛЖИР мұражайы қорына табысталған бірегей жәдігерде азап көрген әйелдердің жүріп өткен жолы бедерленген.

Сайлаубек Ғизатов, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Қазақстанда 104 мың адамдай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, оның 25 мыңы атылған деп айтып жүрміз. Бірақ шын мәнісінде олардың нақты тізімдері бізге белгісіз. Ұсынысым – саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізімін нақтылау мақсатында бірыңғай портал, сайт құру мәселесі.

Карантиннен қажығаны болар, әлде шынымен рухани әлемі шөлдегені ме? Әйтеуір музейге келушілер саны соңғы жылдары күрт артыпты. Пандемияға дейін шетелдіктердің көп болғаны рас, қазір еліміздің әр түкпірінен тарихты тану үшін арнайы келетіндер көбейген.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

– Бұл сол бір зұлмат заманның зарлы үні. Кеудені өкініш, өкпе-реніш кернейді. Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз осы тағдыр мен осы тарих кейіпкерлерінің арқасында екенін ұмытпайықшы.

Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев