Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда көлемін арттырады

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда-саттық көлемін 10 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Қазір екі ел үкіметтері осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бүгін Мемлекет басшысы Өзбекстанның Премьер-Министрін қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи сын-қатерлер кезінде екі жақтың ынтымақтастығына оң баға берді. Көрші елдің көптеген сала бойынша табысты дамып жатқанын атап өтті. Президент үкіметтер жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуі керек екенін айтты. Ол үшін барлық әлеуетті жұмылдыру маңызды. Өз кезегінде Абдулла Арипов кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық менің Өзбекстанға жасаған сапарым кезінде құрметті әріптесім Шавкат Миромонұлы Мирзиёевпен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес жоғары деңгейде әрі табысты дамып келеді. Біз бауырлас Өзбекстанмен ықпалдастықты дамытуға баса мән береміз. Өйткені мұны Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудың маңызды факторы деп санаймыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты әртүрлі бағытта дамытатын бірлескен бірқатар жоба барын атап өткім келеді. Өзбекстан Шавкат Миромонұлы Мирзиёевтің басшылығымен әлеуметтік-экономикалық тұрғыда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бауырлас ел болғандықтан біз бұған қуаныштымыз. Әрине Өзбекстанның табысты дамуы өзара тиімді ынтымақтастықты өркендетуге оң ықпал етеді.

Абдулла Арипов, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі:

- Шавкат Миромонұлы мен Сіздің тұрақты әрі өзара сенімге негізделген қарым-қатынастарыңыздың арқасында көп жақты қазақ-өзбек ынтымақтастығының оң қарқыны сәтті қалыптасты. Алдағы жылдары өзара сауда-саттық көлемін 10 миллиард долларға жеткізу міндетін жүктедіңіздер. Екі ел үкіметтері осы межеге нақты қол жеткізуді көздейді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесу барысында Өзбекстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарын ұйымдастыру жөнінде уағдаласқанын айтты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Абдулла Ариповті қазақ-өзбек байланыстарын дамытуға және арадағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ-дәрежелі Достық орденімен марапаттады.