Томирис Байсафа ісіндегі айыпталушы ақталды

Мәскеуде алқабилер соты қазақстандық студент Томирис Байсафаның өліміне қатысты айыпталушыны ақтап шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сотқа қатысқан 6 алқабидің төртеуі Муртузали Меджидовті кінәсіз деп таныды. Әлгі шешімге сай айыпталушыны сот залынан бостандыққа жіберді. Меджидов адвокаттары бүгін тағы бір сот отырысы өтуі тиіс екенін жеткізді. Онда алқабилердің шешімі талқыланады. Жауапкершілікті алқабилер өзіне алды.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың сәуір айында Мәскеудің халықаралық қатынастар мемлекеттік институтының жанынан жарақаты бар 21 жастағы қазақстандық студент қыз табылады. Дереу Склифосовск атындағы ұлттық зерттеу институтына ауыр халде жеткізіледі. Алайда ол көп ұзамай қайтыс болады. Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін ол университеттің 4-ші қабатында Муртузали Меджидовпен сөзге келіп қалған. Бастапқыда Томиристің өлімі өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүрлеу бабы бойынша тексеріледі. Бірақ кейін іс кісі өлімі бабына алмастырылады.