Пандемия кезінде қандай мамандықтарға сұраныс артты?

Пандемия салдарынан өнер, сауда, медиа және жеңіл өнеркәсіп секторында жұмыссыз қалғандар көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал денсаулық сақтау, IT, ғылым, технологиялар саласында керісінше қысқарту аз болған. Boston Consulting Group халықаралық компаниясы жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Әлемдік еңбек нарығындағы ахуал қандай және пандемия кезінде қандай мамандықтарға сұраныс артты?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Пандемия кезінде IT технологиялары саласында жұмыссыз қалғандар аз болды. Тіптен соңғы уақытта оған қызығушылық танытып жатқан жастар көбейген. «Салдарынан алдағы 5-10 жылда әлемдік мұнай-газ секторында біліктілігі жоғары маман тапшылығы туындауы мүмкін», - дейді сарапшылар.

Татьяна Бернштейн, Accenture компаниясының салалық шешімдер жөніндегі басқарушы директоры:

- Біз жастардың мұнай-газ секторына деген қызығушылығы азайғанын байқап отырмыз. Олар соңғы уақытта IT-технологияларға көбірек бет бұра бастады. Бұған пандемия да әсер етті. Өйткені қазіргі уақытта көбіне киберқауіпсіздік мәселесі маңызды.

IT технология мамандарынан бөлек алдағы 10 жылда әлемде медицина қызметкері де тапшы болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері осылай деп ескертіп отыр. Өйткені бір жарым жылға таяп қалған пандемия дәрігерлердің психикалық жағдайына ауыр соққы болып тиген. 2030 жылы әлемде 18 миллион ақ халатты жетіспеуі мүмкін деген болжам бар.

Джордж Юстис, Ұлыбританияның қоршаған орта министрі:

- Соңғы жыл медицина қызметкерлері үшін қиын кезең болды. Бірақ олар көмегін аямай, еңбек етті. Сондықтан ақ халаттыларға барынша қолдау көрсетуге тырысып жатырмыз. Алдағы уақытта олардың жалақысын көтеру мәселесі қарастыралады. Жүктемені азайту үшін қызметкерлер санын арттырамыз. Қазірдің өзінде біз қосымша 12 мың медбикені жұмысқа алдық.

Ал, Ресейде биыл ең қажетті мамандық теледәрігер болып шықты. Пандемия кезінде бұл мамандарға сұраныс 5 есе артқан. Көрші елде әсіресе, қашықтан медициналық кеңес беретін терапевтер мен педиатрлар қызметіне жүгінетіндер көбейсе керек. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы