Президент экономикалық өсімге қатысты болжам айтты

Қазақстан 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 41 млрд долларға жеткізуі тиіс. Былтыр бұл көрсеткіш 15 млрд доллар болған. Жалпы өткен жылы сырт елдермен сауда айналымы 85 млрд долларға жеткен. Алайда бұл 2019 жылмен салыстырғанда 13 процентке кем. Бұл туралы шетелдік инвесторлар кеңесінде айтылды. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Былтыр әлемдік нарыққа Қазақстанның 4 мыңнан аса тауары шығарылған. Жалпы еліміздің экспорттық әлеуеті қандай? Жиында қандай ұсыныстар айтылды?

Былтыр біз өзге елдермен 85 млрд долларға сауда жасаппыз. 2019 жылмен салыстырғанда 13 процентке кем. Десе де, бұл пандемия кезінде жаман көрсеткіш емес. Сол 85 миллиардтың 15 млрд доллары шикізаттық емес тауарлардың экспортына тиесілі. Өнімдерді экспорттап ғана қоймай экономикамызды инвестициямен де қуаттай алдық.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

-  Дағдарыс жылында біз 18 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарта алдық. Былтыр шетелдіктердің қатысумен 41 инвестициялық жоба іске қосылды. 7 мыңнан астам жұмыс орыны құрылды. Әлем экономикасы қалпына келе бастаған кезде Қазақстан да экономикалық өсімін арттырып жатыр. Үкіметтің болжамы бойынша бұл өсім 3 жарым процентті құрауы мүмкін. Бұдан жоғары болуы да ықтимал.

Өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласындағы экспортты жалпы 20 млрд долларға жеткізе алатын әлеует бар. Мақсат 2025 жылға қарай қызмет көрсету салаларын қоса есептегенде шикізаттық емес сектордағы экспортты 41 млрд долларға жеткізу.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бар әлеуетті пайдалану үшін нақты шаралар іске асырылып жатыр. Біріншіден, қажетті институционалды негіз құрылды. 2019 жылы арнайы өкілетті орган сауда және интеграция министрлігі құрылды. Қазір бұл ведомство отандық экспорттаушыларға қолдаудың толық пакетін ұсынып отыр. КazTrade базасында бірыңғай терезе жұмыс істеп тұр. Ол тәулігіне 24 сағат қызмет көрсетеді. Жалпы экспортты қолдау мақсатына шамамен 1 млрд 200 млн доллар бағытталды.

Экспорт цифрлық жүйесіз болмайды. Тауарларды шет елдерге уақытылы жеткізіп тұру үшін цифрлық саланы жетілдірген жөн. Жаңа технологияның қызметіне әсіресе шағын және орта бизнес мұқтаж.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сауда және интеграция министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Азия даму банкімен бірлесіп экспорттық қолдауды цифрландыру бойынша нақты шаралар әзірлеуді тапсырамын. Экспорттық несиені субсидиялау құралы әлемде кеңінен қолданылып отырғанымен біздің елде әлі пайдаланылмай жатыр. Жуық арада экспорттық несиені субсидиялау құралын экспортты қолдау тетіктерінің қатарына қосу керек. Сондай-ақ ақшаны экспорттаушыларға жедел әрі артық бюрократиясыз жеткізу керек.

Былтыр 100-ге жуық отандық экспорттаушы тауарларын Аlibaba халықаралық интернет палтформасына шығарды. 4 мыңнан астам қазақстандық тауар халықаралық нарыққа қойылды. Қазір біз мұздатылған етті Қытай нарығынан Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінің нарығына бағыттай алып жатырмыз. Енді азық-түліктерімізді экспорттаудың географиясын кеңейту міндеті тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы мал шаруашылығының сапалы әрі экологиялық таза өнімін экспорттау біз үшін басым бағытқа айналуы керек. Отандық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі халықаралық деңгейде мойындала беруі маңызды. Бұл мәселе Сауда және интеграция мен ауыл шаруашылығы министрліктерінің экспорттаушыларды қолдаудағы басты бағыттарының біріне айналуы қажет.

Бізде соңғы 10 жылда мол мүмкіндікке ие логистикалық дәліз пайда болды. Нәтижесінде былтыр теміржол тасымалының транзит көлемі 17 процентке өскен. Әсіресе контейнерлер тасымалынан түскен пайда көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткен жылы шамамен 900 мың контейнер тасымалданды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 32 процентке жоғары. Оның 91 проценті Қытай-Еуропа-Қытай бағытына тиесілі. Яғни біздің ел Азия мен Еуропа арасындағы негізгі дәлізге айналды.

Президент Үкіметке Қорғаста контейнерлер трекингін енгізуді міндеттеді. Бұл жүйе тауардың нақты орналасқан жерін, жол жүру уақытын, кідірісін көрсетіп тұрады. Ақпараттық платформа Өзбекстанда, Қырғызстанда және өзге де еркін сауда орталықтарында жұмыс істейтін болады. Шекарада ғана емес, өзіміздің мүмкіндікті Fintech қызметтер арқылы да арттырғанымыз жөн. Президент жиында бұл мәселеге де айрықша көңіл бөлді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2020 жылы отандық Fintech саласындағы жетістіктермен белгілі болды. Өткен жылы қазақстандық Kaspi.kz Fintech компаниясы Лондон қор биржасында ІРО өткізді. Компания қазір нарықтық капиталы 17 млрд долларға жеткен еліміздегі ең қымбат жария құрылымға айналды. Бұған қоса АҚШ, Еуропа, Азияның жаһандық инвестициялық қорларынан қаражат келіп отыр. Бұл отандық Fintech қызметтердің дамуы мен экспортының айтарлықтай әлеуеті бар екендігін көрсетеді. 

Инвестицияны медицина саласына да көптеп тарту маңызды. Себебі бұл бағыттағы әлеуетіміз жақсы. Осы бағытта Президент отандық вакцина өндірісін ұлғайтып, оның экспортын ұлғайтуға дайын екенімізді айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан өзінің ғылыми әлеуетінің арқасында коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын әзірлеп, өндіріске шығарған санаулы ғана елдердің бірі екендігін атап өткім келеді. Өткен аптада ғана мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директорымен кездесу өткіздім. Бұл ұйым төтенше жағдайларда пайдалану үшін ұсынылатын медикаменттердің тізіміне QazVac вакцинасын қосу мәселесін қарастырады. Біз вакцина өндірісін арттыруға және оның шетелге экспортын бір жолға қоюға дайын екендігімізді айтқым келеді.

Сутегі энергетикасы басым бағытқа айналып, оған ерекше көңіл бөлмек керек. Сондықтан бұл тұрғыда да инвестиция тарту ісін үдете түскен жөн. Президент жиын соңында осыны міндеттеді.