Президент төрт мемлекеттің Елшісімен ынтымақтастықты әрі қарай дамытуды талқылады

Бүгін Ақордада 4 мемлекеттің жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті елшілері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсырды. Мемлекет басшысы елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтап, олардың аса жауапты қызметтері Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты. Мемлекет басшысы осы елдермен орнатылған серіктестік қарым-қатынастарға тоқталып, өзара ынтымақтастықты әрі қарай дамыту жайында сөз қозғады.

Бүгін Ақорда Жапония, Үндістан, Камбоджа және Шри-Ланканың Төтенше және өкілетті Елшілерін салтанатты түрде қабылдады. Аталған елдің өкілдері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенімін білдіріп, өз елдерінің грамоталарын табыстады. Мемлекет басшысы құжаттарды қабылдап алғаннан кейін өзара ықпалдастық мүмкіндіктеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің еліміз егемендігін алған уақыттан бері көп қырлы және халықаралық құқыққа негізделген теңгерімді сыртқы саясатын табысты жүргізіп келеді. Шығыс пен Батыстың ортасында стратегиялық аумақта орналасқан Қазақстан Еуразияға қатысты мәселелерде маңызды роль атқарады. 

Жапония Қазақстанның негізгі саяси, сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. Үндістан да біздің елдің стратегиялық әріптестерінің бірі.

Джун Ямада, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Мен үшін ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Президентіне сенім грамотасын тапсыру үлкен абырой. Мемлекеттеріміз арасындағы 2 жақты қарым-қатынасты дамытуға бар күшімді саламын.

Шубдаршини Трипати, Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Қазақстан Үндістанның маңызды стратегиялық әріптесі. Қазір біз экономика, сауда, ғарыш салаларындағы ынтымақтастығымызды дамытып жатырмыз. Сондай-ақ Қазақстанға пандемия кезінде жәрдем көрсеткеніне зор алғысымды білдіремін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджамен өзара тығыз ықпалдастықты дамыту Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азия аймағында жүргізіп отырған сыртқы саясатының бір бөлігі екенін айтты. Ал Шри-Ланка  теңіздегі және өңірдегі тұрақтылықты сақтау үшін аралдағы мемлекет ретінде маңызды әріптесіміз деді Президент.

Ким Хенг Миэ, Камбоджаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы:

- Қазақстан мен Камбоджаның алдына қойған ортақ мақсаттары бар. Біз бірқатар халықаралық басқосуларда кездестік. Алдағы уақытта біздің ел Еуразиялық экономикалық елдер одағымен де әріптестік орнатқысы келеді. Қазақстан үкіметі бізге қолдау көрсетеді деген ойдамыз.

Мигахаланде Дураге Ламаванса Шри-Ланканың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы:

- Биыл біздің елдердің ынтымақтастық орнатқанына 20 жыл. Осы бастаманы әрі қарай жалғастырамыз деген ойдамыз. Әсіресе туризм саласына басымдық беруді қажет деп санаймын. 

Салтанатты шара соңында Президент дипломаттарға табыс тілеп, олардың мемлекеттерінің басшыларына жүрекжарды сәлемін жолдады.

Автор: Дариға Ташенова