424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Тоқаев газ саласын дамыту жөнінен кеңес өткізді

  • 404
  • UPD: 23:07, 17.06.2021

Қазақстанда өнеркәсіп саласының 50 проценттен астамын шикізат өндірісі құрайды. Дайын өнім жасау әлі де кенже қалып келеді. Ол аздай, көмірді көп тұтынамыз. Қаншама жылу электр орталығы қара отынмен жұмыс істеп тұр. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің энергетика саласындағы тепе-теңдікті өзгерту жөнінде тапсырма берді. 2030 жылға дейінгі нақты межені белгіледі. Елдің солтүстік өңірлерін де газбен қамту туралы міндет жүктеді. 

Қазір ел өңірлерінің жартысына жуығы көгілдір отынмен қамтылған. Мұнай мен газ қоры мол батыс аймақта өндірісі қарқынды. Жергілікті халық сұйытылған газ тұтынады. Бағасы қолжетімді. Оны өндіретін компаниялар арнайы арзандатып береді. Шығын экспорттың есебінен өтеледі. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде бар. Халықтың қалтасына салмақ түсірмей, мемлекет не ұлттық компаниялар тұтынушылық газ бағасына субсидия қосады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кейінгі 5 жылда ішкі нарықта газды тұтыну көлемі 17 млрд текше метрге жетті. Бағасына келсек, ТМД елдері арасында ең төмен саналады. Көгілдір отынды экспорттық тасымал есебінен арзандату өте дұрыс шешім. Бұл дегеніміз ұлттық оператордың ел дамуына қосып жатқан қомақты үлесін білдіреді. 

Елордаға көгілдір отын келеді дегелі қашан. Қаланың 2 жылу электр орталығы экологияға зияны аз қуат көзіне көшірілуі тиіс еді. Алайда әлі жұмыс біткен жоқ. Оңтүстіктен тартылған «Сарыарқа» газ құбырының келешегі де күмән тудырып тұр. Солтүстік өңірлер соның игілігін көре алмай қалуы мүмкін. Дәлірек айтқанда, қазақстандық газ жетпесе, ресейлікті тұтынуға мәжбүр болады. Бар мәселе қаржыға кеп тіреледі. Ал оның соңы тәуелділікке әкеп соқпай ма? Демек, бұл мәселені мұқият зерттеу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Солтүстікті газбен қамтудың екі жолы бар. Бірі Сарыарқаға қосылу, ал екіншісі ресейлік газ құбырына қосылу. Екеуінің де тиімді және тиімсіз тұстары бар. Үкімет жергілікті әкімдіктермен ақылдасып, таңдау жасауы тиіс.

Тағы бір мәселе қазақстандық газ өндіретін компанияның экономикалық әл-ауқатына қатысты болып отыр. Саладағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» нарық талаптарына бейімделіп, қаржылық кірісін көбейте алмай отыр. Биыл экспорттан түсетін пайда да азаяды деген болжам бар. Демек, халықтық айпио бағдарламасына шығару мүмкіндігі қарастырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет пен Самұрық-Қазына қоры ҚазТрансГаз компаниясының айпиосын 2022 жылы ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруы керек. Оның ішінде бізге керегі - халықтық айпио. Бұл процесс елдің қаржы нарығына оң әсер етуі мүмкін. Жалпы газ байлығымызды халықтың иеленуі мүмкіндігін қолжетімді қылу қажет. 

Елге сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт керек. Президент жиында осы мәселені де көтерді. Құрылысы 10 жыл бұрын басталған жоба әлі аяқталған жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұнай-газ химиясы дегенде біз тек полиэтилен және полипропилен өнімдерін айтамыз. Бұл тақырып аясын кеңейту керек. Нарықта бұдан өзге де өнімдерге сұраныс бар. Осы айтылғандарды ескеріп, үкімет өкілдері мұнай мен газ өндірісі саласын әртараптандыруды ойлауы қажет. Осы салада көптеген пайдалы заттар шығару керекпіз. 

Түптеп келгенде елде газ өндірісі ұлғаяды. Энергетика саласындағы баланс та өзгереді. Яғни көгілдір отынды тұтыну көлемі сағатына 33 млрд киловаттқа жетуі тиіс. Президент бұл межені 2030 жылға дейін еңсеруді тапсырды. 

Автор: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы