423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Тоқаев: Оқу жылына дайындықты қазірден бастау керек

  • 330
  • UPD: 20:54, 23.06.2021

Ауыл азаматтарының туған өлкесіне әкім болып сайлануына мүмкіндік жасалады. Жұрттың қалауы да осы. Себебі жергілікті тұрғындар елді мекеннің мәселесін бес саусағындай біледі. Қазақстанда алдағы уақытта әкімдердің 90 проценті сайланады. Осылайша халықпен жаңаша қатынас орнайды. Мұны Мемлекет басшысы айтты. Президент төрағалығымен өткен кеңеске тағы қандай мәселе сөз болды? 

Мұндай офлайн форматтағы жиындардың өтпегеніне біраз болып еді. Кеңестер онлайн ұйымдастырылып келетін. Бірақ осы жолы Президент Үкіметтің басшылық құрамын, облыстардың, қалалардың әкімдерін Ақордаға жинады. Себебі елде эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады. Оның үстіне маңызды науқан сайлау тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік.

Бізде 2013 жылдан бері ауыл әкімдері мәслихаттар арқылы жанама тәсілмен сайланып келген. Содан Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы күздегі Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтерген. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде бұл жұмыс жүзеге асатын болды. Биылғы мамырда сайлау туралы жаңа заң қабылданды. Енді алдағы уақытта әкімдердің 90 процентін халық сайлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл шағын ауылдар мен ауылдық округтердің, ірі кенттердің және аудандық маңызы бар 50-ден астам қаланың әкімдерін тұрғындар сайлайды деген сөз. Қазақстан халқының 40 проценттен астамы ауылда тұратыны бәрімізге мәлім. Ауыл әкімдерінің сайлауы ең алдымен ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалуда. Биыл 800-ге жуық ауыл әкімі алғаш рет дауыс беру арқылы тілкелей сайланады. Алдағы сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады.

Әлеуметтік сауалнама азаматтардың басым көпшілігі сайлауды қолдап отырғанын көрсеткен. Бұл орайда алдымен өзге емес, жергілікті азаматтардың туған жеріне әкім болуына да мүмкіндік беріледі.

Мемлекет басшысы партиялық бәсекені күшейту мәселесіне назар аударды. Партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі әрі саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс деді.

Елде санитарлық-эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі. Қазақстан әлемдік картада жасыл аймақта екен деп босаңсуға болмайды. Себебі кешелі бері естіп жатырмыз, коронавирустың үндістандық түрі бізге де жетті. Осыған байланысты Президент санитарлық шектеулердің жиі бұзылып жатқанын және вакциналау қарқыны бәсеңсіп қалғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әкімдер азаматтарға екпе салу науқанынан шеттеп қалған сияқты. Әлеуметтік нысандардың, бизнес кәсіпорындардың және жалпы елдің экономикасы вакциналаудың сәтті жүргізілуіне тікелей байланысты екенін түсіну керек. Қазір жаппай вакциналау науқаны әкімдер жұмысының ең маңызды міндеттерінің қатарында болуы қажет. Сіздер барынша белсенділік танытып, азаматтарды вакциналау науқанына өздеріңіз жетекшілік етулеріңіз керек.

Осы  кеңесте Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу жұмыстарын күшейту керек деді.

Былтыр әртүрлі деңгейдегі 7 әкім мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ 14 облыстық басқарма басшысы мен олардың орынбасарлары қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек былтырғы қаңтардан биылғы наурызға дейін қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлыққа қатысы болғаны үшін 20 саяси қызметкерге қатысты шара қолданылды. Әкімдер өз аймақтарында жемқорлықтың алдын алу үшін жүйелі жұмыстар жүргізуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұған дейін айтқанымдай, егер мемлекеттік қызметші бюджет қаржысын жымқыруды немесе пара алып баюды көздемей, шешім қабылдау кезінде қателікке жол берген болса, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек. Әйтпесе мемлекеттік аппараттың берекесін кетіреміз. Сыбайлас жемқорлыққа саналы түрде барған шенеунік қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Жиында Президент тоқталған және бір мәселе - бұл оқыс оқиғалар, өрт және технологиялық апаттар. Мемлекет басшысы төтенше жағдайлардың салдарын жедел жою үшін түбегейлі шаралар қабылдау керек деді. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық мүлікті бүлдіру, бұзақылық және вандализм сияқты оқиғалардың жиілеп кеткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жуырда елордада мас адам лифтідегі мониторды сындырғаны үшін оған 14 мың теңге ғана айыппұл салынған. Бұлай болмайды. Мұндай іс-әрекет үшін кемінде 15 тәулікке қамау керек немесе 1 жылға түзету жұмыстарына салу жөнінде жаза кесу қажет. Мұндай жағдайларға мүлдем төзбеу керек. Жеңіл жаза жарамайды. Ал іс жүзінде жазаламау салдары құқық бұзушылық пен қылмыстың одан әрі өршуіне алып келеді. Сондықтан осы мәселе бойынша заңнаманы қатаңдату керек. 

Кеңес соңында Мемлекет басшысы биыл дәстүрлі форматта өтетін жаңа оқу жылына дайындықты қазірден бастау керек деді. Себебі көптеген білім ордасы бір жылдан астам уақыт толыққанды жұмыс істемеді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев университет, мектеп, балабақшалардың инфрақұрылымын, оқытушылар мен тәрбиешілердің штат деңгейін тексеру керектігін атап өтті.

Автор: Қорған Қонысбайұлы

Хабар 24 телеарнасы