Биыл жыл соңына дейін 755 ауыл әкімі сайланады

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның дерегіне сүйенсек, елімізде 2 мың 346 ауыл әкімі бар. Оларды жаңа норма енгізілген соң өкілеттік мерзімдері аяқталғаннан кейін тікелей дауыс беру арқылы сайлайды. Осылайша, тікелей сайлау арқылы азаматтардың мемлекеттік басқаруға атсалысу функциясы кезең-кезеңімен кеңейе түспек.

«Жалпы бұл науқан арқылы ауылдық аумақтарды басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға азаматтардың 40 проценті жұмылдырылады», – дейді Константин Петров.

Айта кеткен жөн, комиссия төрағасы Берік Имашев коронавируспен ауырған адаммен байланыста болуына орай отырысқа қатыса алмады. Қазір үй карантинінде жатыр.