424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оқу жылы басталғанша білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды

  • 233
  • UPD: 10:30, 29.06.2021
Оқу жылы басталғанша білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады.

Қазақстанда мектептерде тексеріс жүргізу барысында терроризмге қарсы қауіпсіздікті бұзу фактілері анықталды. Оқу орындарын мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету, турникеттер, «дабыл түймелері» мен камералар орнату жұмыстары жеткіліксіз деңгейде ұйымдастырылған.

Кәсіби күзетпен қамтамасыз етілген мектептердің ең көбі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында. Шығыс Қазақстан облысында мектептердегі барлық бейнебақылау камералары белгіленген талаптарға толық сәйкес келеді.

«Білім беру объектілерінде қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – басым міндеттердің бірі. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын айтарлықтай жандандыру қажет. Жергілікті жерлерде балаларға қатысты және балалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша салааралық үйлестіруді күшейту талап етіледі», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне жаңа оқу жылының басталуына дейін білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қауіпсіздік құралдарымен: ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына шығатын бейнебақылау жүйелерімен, мамандандырылған күзетпен, турникеттермен және «дабыл түймелерімен» қамтамасыз етуді тапсырды.

Білім министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 10 шілдеге дейін білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын бекіту тапсырылды.

Білім, мәдениет, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктеріне биылғы 20 шілдеге дейін террористік тұрғыдан осал ведомстволық объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту тапсырылды.

Білім, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктеріне және өңірлердің әкімдіктеріне биылғы шілде айының соңына дейін төтенше жағдайлар туындаған кезде персонал мен оқушылардың іс-қимыл алгоритмін бекіту, одан әрі оқу орындарында терроризмге қарсы оқу-жаттығуларды тұрақты негізде өткізу тапсырылды.

Премьер-министр әкімдіктерге девиантты мінез-құлықты балалармен жүргізілетін жұмыста мектеп психологтары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жұмысын үйлестіруді күшейтуді тапсырды.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы