Қ.Тоқаев: Олимпиада жастарды спортпен шұғылдануға шабыттандырады

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Олимпиада ойындарына аттанады. Кешенді сында Ел намысын қорғайтын саңлақтар бүгін Президентпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев әрбіріне тілеулес екенін жеткізіп, спортшыларға Көк туды табыстады. Мемлекеттік байрақты Олимпиаданың ашылу салтанатында кімдер ұстап шығады?

Жақында Токиода 32 жазғы Олимпиада ойындары басталады. Бұл аламанға еліміздің ең үздік спортшылары аттанып барады. Әлемнің басты бәсекесінде ел намысын қорғайын да осы оғландар.  

Олимпиадаға қатысу оңай емес. Көп ішінен іріктеліп, мықтылығымен дара шыққандар енді Токиода әнұранымызды шырқату үшін осы кезге дейін тынбай тер төкті. Спортшыларымыз бабында. Енді бағы жанса игі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев аса күрделі кезеңде Токиода жағылатын Олимпиада алауы бүкіл адамзат үшін жаһандық індетпен күрестің символы болатынын айтты. Президент әлемнің түгелге жуық елінде ұзаққа созылған локдаунның қалыпты тыныс-тіршілікке ауыр соққы жасағанына тоқталды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздер халықаралық деңгейдегі өздеріңіздің көшбасшылық орындарыңызды нығайту үшін нағыз чемпионға тән мінез көрсетіп, Олимпиада лицензиясын иелендіңіздер. Осындай қиын-қыстау жағдайда сіздер спорттың өзін өзі шектейтін қатаң режимін сақтап, өзгелерге үлгі көрсеттіңіздер. 

Құрама команданың негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Ол жақта қазір спортшылар Токиоға аттанар алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Президент олимпиаданы жіті бақылап отыратынын әрі спортшыларымызға тілеулес болатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Олимпиада тұғырына көтерілу сіздердің ғана жетістіктеріңіз емес, бүкіл ұлтымыздың абыройы. Олимпиада шыңы мыңдаған жасты спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға және көздеген мақсаттарына жетуге шабыттандырады. 

Дәл осы спортшыларға қарап, балалар мен жасөспірімдер бой түзейді. Осылардай болуға ұмтылады. Сондықтан елде бұқаралық спортқа баса көңіл бөлу маңызды. Мұны Президент айтқан. Бүгін тағы атады. Үкімет пен әкімдер дәл осы бұқаралық спортты дамытуға ден қоюы тиіс деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз ұлтымыздың денсаулығын жақсартамыз және бүкіл еліміз мақтан тұтатын Олимпиада жеңімпаздарының – спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз. Мұндай саясат спорт секциялары мен аулалық клубтардың дамуына тың серпін береді. Сондай-ақ балалар жаттықтырушыларын ынталандыруға ықпал етіп, дарынды атлеттердің жаңа шоғырын айқындауға септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың Токиода рекордтық нәтижелер көрсететініне, еліміздің әлемдегі жетекші спорт державаларының арасындағы беделін нығайтатынына сенім білдірді. Сөйтіп, «көбіне назардан, камералардан тыс қалатын жаттықтырушылардың еңбегі ерен» деді. Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Туын алғаш рет екі бірдей спорт шыға табыстады. Көк байрағымызды жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев қолына алды.

Қамшыбек Қоңқабаев, бокстан Қазақстан құрама командасының капитаны:

- Сіздің қолыңыздан еліміздің Туын алу – үлкен абырой, зор жауапкершілік. Олимпиадаға қатысушы спортшылар қастерлі санайтын осы Тудың Токио төрінде жиі көтеріліп, Әнұранымыздың шырқалуы үшін барымызды саламыз.

Олимпиада алдында спортшылар әдеттігідей ант берді. Допингке қарсы ережені қатаң ұстанамыз, бапкерлердің талаптарын орындап, спорттың қағидаларын сақтаймыз деді.

Енді сенім үдесінен шығып, ұландарымыз Ұлы даланың абыройын әлем алдында тағы бір мәрте асқақтатса деген тілек бар. Көк байрағымыз Токиода желбірейтін күн туғай! Бір емес, бірнеше рет!

Қорған Қонысбайұлы, Алмас Омарғалиев