Қ.Тоқаев пен Э.Рахмон Ауғанстандағы жағдайға байланысты пікір алмасты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.

Тәжікстан тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгімелесу барысында екі ел Президенттері Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Орталық Азия аймағындағы ахуал жөнінде жан-жақты пікір алмасты. 

Қазақстан Президенті Тәжікстанмен арадағы достық қатынастардың мызғымастығын нақтылады. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19-20 мамырда Душанбеге жасаған сапарының барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды Қазақстанның орындайтынын және бауырлас тәжік халқына берілетін көмекті жалғастыра беретінін айтты. 

Мемлекет басшылары аймақтағы ахуал жайында өзара ақпарат алмасу және іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында тұрақты байланыс жасап тұруға келісті.