Нұр-Сұлтанда Сирия бойынша халықаралық кездесудің XVI раунды басталды

Нұр-Сұлтанда Сирия бойынша Астана форматындағы халықаралық кездесудің он алтыншы раунды басталды.

Ресей мен Сирия үкіметінің өкілдері арасындағы кездесу жабық түрде өтіп жатыр. Келіссөздер екі күнге созылмақ. Жабық отырысқа Иран, Түркия, Ресей елдерінің өкілдері және Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері қатысып жатыр. Сонымен қатар бақылаушы ретінде БҰҰ, Иордания, Ливан және Ирак мемлекетінің өкілдері келген.

Айта кету керек, бұған дейінгі Сирия бойынша келіссөздер 16-17 ақпанда Сочиде өткен.

Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі:

- Біз бүгін Сирия демократиялық күштері мен ресми Дамаск арасындағы келіссөздерді талқылаймыз.  Сирия оңтүстігінің Ат-Танфа ауданында қарулы қақтығыстар тоқтамай отыр. Осыған тосқауыл қою мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жалпы саяси процесс пен Женевадағы конституциялық комитеттің жұмысы туралы сөз қозғаймыз.