424,60 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ауғанстандағы ахуалдың Қазақстанға қандай әсері тиюі мүмкін?

  • 335
  • UPD: 14:01, 08.07.2021

Ауғанстандағы жағдай ушықты. 

Құрама Штаттар өз әскерін ауған жерінен әкете бастағаны сол-ақ еді, тәліптер ел провинцияларын бірінен соң бірін басып ала бастады. Бүгінде олар елдің үштен бір бөлігін бақылауға алды. Осыған байланысты әлем елдері қатты алаңдаушылық танытып жатыр. Кейбір елдер өз консулдықтарын жауып жатырған көрінеді. Арасында Түркия, Иран мен Ресей елдері бар екен.

Ресей сарапшыларының сөзіне сенсек, Талибан өз дегенін әрі қарай жалғастыра береді. Бірақ бүкіл елді өз бақылауына ала алмайды. Посткеңестік зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Станислав Притчиннің айтуынша, Ауғанстанның солтүстігіндегі ахуал АҚШ-тың өз әскерін әкетуімен тікелей байланысты. Сонымен қатар, ол Америка мен НАТО әскері толық әкетілген күннің өзінде ауғанстандағы ахуал әрмен қарай нашарлай түсуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Сәйкесінше, оның салқыны Орталық Азия елдеріне де тиюі ғажап емес, дейді ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов.

Аркадий Дубнов, саясаттанушы (Ресей):

Талибандардың Орталық Азия республикаларына төндіретін қауіп-қатерлеріне келетін болсақ, тәліптердің өздері сыртқы экспансияға қауіп төндірмейді. 27 жылда ондай бірде-бір іс болған емес. Сондықтан «Талибан» Орталық Азия мемлекеттеріне еніп, оларды тұрақсыздандыруға тырысты деп айта алмаймыз. Бірақ Талибанның солтүстікке шабуыл жасауы осы өңірден жиһадшылардың кетуіне әкеледі. Яғни олар Орталық Азия елдеріне ығыстырылуы мүмкін.

Ресейлік маман ауғанстандағы ахуалдың Қазақстанға қандай әсері тиуі мүмкін екеніне де тоқталды.

Аркадий Дубнов, саясаттанушы (Ресей):

– Қазақстан босқындар мәселесіне, гуманитарлық проблемаларға тап болуы мүмкін. Соны қаржылай тұрғыда шешуі керек болады. Жалпы, алғанда, Қазақстанға Ауғанстан тарапынан ешқандай агрессия болмайды. Тек елдеріңіз арнайы қызмет күштері деңгейінде белгілі бір шараларға қатысуы мүмкін.

ТӘЖІКСТАН ШЕКАРАСЫН КҮШЕЙТУГЕ КӨШТІ

Ауғандағы жағдай Тәжікстанды оятты. Шекараның арғы жағы тәліптердің қолына өтіп жатқанда, президент Рахмон ондаған мың адамды әскер қатарына қайта шақырды. Ауғанстанмен арадағы шекара күзетін күшейту үшін Тәжікстан президенті резервтегі 20 000 азаматты сапқа тұрғызуға бұйрық берді. Мұндай шешім ел аумағына «Талибан» жасақтарының шабуылына төтеп бере алмай, 1000-нан астам ауғандық сарбаз қашып барғаннан кейін қабылданды. Олардың жексенбіде тәжік жеріне өтуі Ауғанстандағы жағдайдың күрт ушыққанын аңғартса керек. Бұл мемлекетте 20 жыл соғысқан шетел әскерлері елдеріне кетіп жатыр. Ал бейбітшілік орнату жөніндегі келіссөз тұралап тұр. Осыған байланысты Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон осы мәселені Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей президенттерімен талқылады. Бірер күн бұрын Кремль таратқан мәлімдемеге сүйенсек, Владимир Путин Рахмонға егер қажет болса, Ауғанстанмен арадағы шекарадағы жағдайды тұрақтандыруға тікелей немесе аймақтық қауіпсіздік ұйымы арқылы көмектесуге уәде берген. Мұны Лаоста Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі де айтты.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылап отырмыз. Елдегі ахуал күрт нашарлап кетуі мүмкін деген қауіп бар. Бұған АҚШ пен НАТО әскерінің ауған жерінен кетуі әсер етіп отыр. Ондаған жылдар бойы соғысқан шетел әскерлері Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Біз Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы Ресей базасының әлеуетін пайдалана отырып, одақтастарға жасалатын кез келген агрессиялық әрекеттерге тойтарыс беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз.

Лавровтың сөзінше, Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында өзіне алған міндеттемелерді толық орындауға тырысады. Яғни Тәжікстанға барынша қолдау көрсетуге ұмтылады. Аталған әскери одаққа Ресейден бөлек, Қазақстан, Қырғызстан, және Тәжікстан кіреді.

ТӘЛІПТЕР ЕЛДІҢ ҮШТЕН БІРІН БАСЫП АЛДЫ

Өйтпеске амал жоқ секілді. Себебі АҚШ пен НАТО әскері ауған жерінен кетеді дегелі бері Талибан қозғалысының қарқыны күшейе түскен. Соңғы бірнеше аптада тәліптер үкімет күштерінің бақылауында болған ондаған ауданды басып алған. Бүгінде Ауғанстанның үштен бірі яғни 370 ауданның 110-ы содырлардың бақылауында тұр. Түнеугүні АҚШ пен НАТО әскерлері Бағрамдағы әуе базасынан кетті. Қазір оны үкіметтік күштер күзетіп жатыр. Бірақ батыс сарапшылары олардың маңызды нысандарды қорғауға қатысты әлеуетіне үлкен күмәнмен қарайды. Әскерилер күмәнға ешқандай негіз жоқ екенін айтады.

Набиулла Сарбааз, сарбаз:

Бұл біздің жер. Америкалықтарға дейін мұнда ресейліктер болды. Кейін олар кетіп, орнына америкалықтар келді. Енді олар да кетіп барады. Қайталап айтам: бұл біздің жер. Оны қорғап қалу үшін бізге ақша да, басқасы да қажет емес.

АҚШ АУҒАН МӘСЕЛЕСІН ШЕШУГЕ ШАҚЫРАДЫ

Америка Ауғанстандағы мәселені реттеудің жалғыз жолы - қанды қырғын емес, тараптар арасында келіссөз өткізу деп санайды. Бұл туралы журналистермен брифинг барысында АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс мәлімдеді.

Нед Прайс, АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі:

– Біз аймақтағы шиеленісті тоқтатуға шақырамыз. Ахуалды реттеудің жалғыз жолы – тараптар бір үстел басына жиналып, келіссөз өткізуі қажет. Тек осылай ғана 40 жылдық соғысқа нүкте қойып, Ауған халқына бейбіт өмір сыйлауға болады. Билік басына күшпен келген кез келген үкімет халықтың да, халықаралық қауымдастықтың да қолдауына ие болмайды.

 

Хабар 24 телеарнасы