Қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова «Славян базары» байқауының Гран-приін жеңіп алды

Беларусьтің Витебск қаласында жыл сайынғы дәстүрлі «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі өз мәресіне жетті.

Бұл жолы байқауға Қазақстан атынан қатысқан әнші Рухия Байдүкенова осы фестивальде топ жарып, бас жүлде – Гран-приді жеңіп алды. Фестивальдің бірінші орыны Сербияға, екінші орын Украинаға бұйырып, үшінші орынды Словакия мен Әзербайжан өзара бөлісті.

Гран-при үшін ақтық сын өте тартысты болған. Байқаудың үздік орындаушысына жүлдені қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко тапсырды.

2015 жылы «Славян базарында» топ жарған әлемге әйгілі Димаш Құдайберген де биылғы ән байқауына қазылық еткен болатын.

Айта кетейік, 22 жастағы Рухия Байдүкенова  Талдықорғанның тумасы. Ол ән айтумен бала кезінен айланысқан. Қазір бойжеткен Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Эстрадалық вокал» мамандығы бойынша үшінші курста оқиды.

Бұл туралы БЕЛТА агенттігі хабарлады.