Бүгін – Құрбан айттың бірінші күні

Бүгін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталды. Ораза айттан 70 күннен кейін келетін ұлық мейрамды көпшілік мұсылман 3 күн қатарынан тойлайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрбан айт намазы қатаң санитарлық норма талаптарын сақтай отырып, «сары», «жасыл» аймақтарда мешіт аулаларында ғана оқылады. Онда да жамағат қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, айт намазы біткен сәтте мешіт ауласында ұзақ тұрмауы тиіс. Ал, «қызыл» аймақтағы өңірлерде оқылмайды. Құрбан шалу рәсімі екі жолмен жүзеге асырылады. Бірінші мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жерлерде шалынады. Жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді сақтай отырып, «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізіледі. Екінші еліміздің «қызыл» аймақтарында шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес «Құрбан2021.kz» сайты арқылы тек онлайн режимде жүзеге асырылады. Құрбандық шалатын арнайы орындар Аshyq қосымшасымен жұмыс істейді.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

- Құрбандық шалу онлайн 22 шілдеге дейін жалғасады. «qurban2021.kz» келетін болсақ, бұл жерде бәрі қашықтықтан жасалады. Сайтқа кіріп, тапсырыс жасап, есепшот аласыз. Егер қаласаңыз, видео есеп болады. Онда атыңыз аталып, бата жасалып құрбандық шалынады.