Қазақстан қай елге қанша қарыз?

Қазақстанның сыртқы қарызы өсіп жатыр. Бір жылда ол 11 млрд долларға көбейген. 

Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, бүгінде еліміздің шетке берешегі 164,1 млрд долларға жеткен. 2020 жылы көрсеткіш 152 млрд доллар шамасында болды. Енді осы борышты мемлекеттерге бөліп қарасақ, Қазақстан Нидерландқа – 44,3 млрд доллар, Британияға – 22,6 млрд, Америка Құрама Штаттарына 13 жарым млрд доллар берешек. Бұдан бөлек Бермуд аралдарынан алған қарыз көлемі биыл – 31,1 процентке, халықаралық ұйымдардан – 17,3 процентке, Ресей мен Франциядан алған қарыз 5,7 және 2, 6 процентке өскен.

***

Отандық автөліктер шетелде жиі саудалана бастады. Қазақстан автобизнес қауымдастығының хабарлауынша, жарты жылда экспорт көлемі 77 процентке ұлғайған. Яғни осы аралықта сыртқа 4387 көлік сатылған. Сауда әсіресе маусым айында қызды. Қазақстандық көліктердің дені Ресей, Өзбекстан, Беларусь пен Қырғызстанда сұранысқа ие. Қаңтардан бері елде 40 мыңға жуық техника шығарылған. Бұл жылдағыдан 20 процентке көп. Соның ішінде жеңіл автокөлік өндірісі айтарлықтай артқаны байқалады.

Еске сала кетейік, шілдеде отандық автөкөлік саласын дамыту бағытында 8 жоба мақұлданды. Солардың негізгілерінің бірі ретінде Қостанайдағы «Лада» және «Рено» көлігін жинау өнеркәсібін айтуға болады. 

***

Қазақстандықтардың алтынға деген қызығушылығы артты. Маусым айында 124 келіден астам алтын сатылған. Бұл бұған дейінгі көрсеткіштен екі есе көп. Көбіне Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау тұрғындары сатып алады.

Қазір нарықта бағалы металдың 5, 10, 20, 50, 100 грамдық түрлері кездеседі. Тұтынушылардың сұранысына соның 10 келілігі ие. Ол жалпы сатылған өнімнің 30 процентін құрайды. Тазартылған алтынды сату мен сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосты. Содан бері 2 тоннадан астам алтын өткен. Мамандардың айтуынша, бұл қаржыны сақтау және инвестициялаудың тиімді  жолы. Ол елдегі екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пункттерінде жүзеге асырылады.