XXXII Жазғы Олимпиада ойындары тікелей эфирде көрсетіледі

XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының трансляциясына қатысты жапониялық «Dentsu Inc.» компаниясымен келіссөздердің нәтижелі аяқталғанын хабарлаймыз, делінген «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі таратқан мәліметте. 

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігі» АҚ  ел аумағында Токио Олимпиадасын және 2022 жылғы Пекинде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарын көрсету құқығын иеленді. Келісімшарт қорытындысы бойынша трансляция құнын қолайлы бағада сатып алу туралы ортақ мәмілеге қол жеткізілді.

Қазақстандықтар 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарын «Qazaqstan», «Qazsport» және «Хабар» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Әлемдік сайыста Қазақстан құрамасынан спорттың 27 түрі бойынша 96 спортшы бақ сынайды.

Телеарналардағы олимпиадалық жарыстар кестесі қосымша жарияланады.