Бүгін ауыл әкімдерін сайлау алдындағы «тыныштық күні»

Бүгін шілденің 24-і – ауыл әкімдерін сайлау алдындағы тыныштық күні.

Елде қандай да бір сайлауалды үгіт-насихатты жүргізуге тыйым салынған. Бұл талап ертең таңғы сағат жетіге дейін орындалуы тиіс. Дәл осы уақытта дауыс беру учаскелері ашылады.

Биыл алғаш рет азаматтарымыз жергілікті атқарушы органдардың басшыларын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды. Сайлау 730 елді мекен аумағында ұйымдастырылады.

ҚР президентінің көмекшісі Ерлан Қариннің хабарлауынша, ел бойынша сайлауға қатысу үшін 2582 адам өз кандидатурасын ұсынған. оның 2297-сі қажетті тіркеуден өткені белгілі.

Ресми деректерге сүйенсек, 6 саяси партиядан 878 адам ұсынылды, ал 1419-ы өзін-өзі ұсынғандар.

Шыңғыс Лепсібаев, құқық қорғаушы:

– Бұл сайлауда жергілікті тұрғындар өзінің әлеуметтік қажеттіліктерін ескеріп, өз таңдауын жасайды. Мәселен, жол жөндеу мәселесін қолға алатын адамдарға басымдық беріледі. Меніңіше, бұл Президент қабылдаған басты реформалардың бірі. Өйткені бұл қадам елді мекендердегі ахуалды өзгертуге сеп болады.

Үміткерлер 3 тәсілмен іріктелді. Оларды ауыл әкімдері, саяси партиялар ұсынды. Сондай-ақ, отандастарымыз өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік алды. Ол үшін бұл азаматтарға округтегі сайлаушылардың кем дегенде 1 проценті қолдау көрсетуі керек болды.

Индира Рыстина, Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

Сайлаушылар учаскелерге келгенде тек бір кандидат үшін ғана дауыс бере алады. Егер бұл кандидаттар олардың көңілінен шықпаса, барлығына қарсы дауыс беруге болады. Яғни бұрын осындай позицияны ұстанған адамдар сайлауға мүлдем келмейтін. Ал жаңа өзгеріс сайлауға келіп, өз пікірін білдіруге мүмкіндік берді.

Ауыл әкімдерін сайлауға халықтың 40 проценті яғни 7 миллион адам қатыса алады. Жоспар бойынша жыл соңына дейін азаматтар 755 елдімекен басшысын таңдайды. Әр адам өз таңдауын жасау үшін ертең таңғы сағат 7-ден бастап кешкі 8-ге дейін сайлау учаскелеріне келуі тиіс.

Авторлары: Дариға Ташенова, Сабина Балашкаина