Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы басталды

Бүгін қазақстандықтар аудандық маңызы бар қалалар, ауыл мен кенттер және ауылдық округтердің әкімдерін сайлайды.

Осы жаздың ең маңызды саяси оқиғасы таңғы 7-де басталып та кетті. Кандидаттарды тіркеу шілденің 14-інде аяқталды. Ал кеше «тыныштық күні» болды. Яғни елде қандай да бір сайлауалды үгіт-насихатты жүргізуге тыйым салынды.    

Жалпы бүгінгі сайлауға қатысу үшін бас-аяғы 2582 үміткер ұсынылғанын айтып кету керек. Олардың 89 процентке жуығы тіркеуден өтті.

Ресми деректерге сүйенсек, сайлауға саяси партиялар 878 адамды, ал қалғаны өзін өзі ұсынып отыр. Олардың арасынан халық 730 әкімді таңдауы тиіс. Тіркелген кандидаттардың 84 проценті ер азаматтар, қалғаны - әйелдер. Олардың орташа жасы қырықта. Жалпыға ортақ талап бойынша үміткерлер 25 жасқа толуы керек.