Түрікменстанда ОА мемлекеттері Президенттерінің үшінші консультативті кездесуі аяқталды

Түрікменстанда Орталық Азия мемлекеттері Президенттерінің үшінші консультативті кездесуі аяқталды.

Жиында бірінші болып сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев «гидроэнергетика, өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация саласындағы инвестициялық жобаларға басымдық беру маңызды» деді.  Сөйтіп, Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін атап өтті. Біздегі орталықтың 53 елдегі 800-ден аса компаниямен байланысы бар, сондықтан халықаралық қаржы орталығын өңірлік инвестициялық хаб ретінде пайдалану ұсынылды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы елдер арасында экономикалық байланыс нығайып келеді деді. Бірлескен кәсіпорындардың қатары ұлғайып, сауда-саттықтағы түрлі кедергі азайып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шекарада жаңадан өткізу бекеттері, әуе рейстері мен теміржол бағыттары ашылып жатыр. 2018 жылдан бері өңіраралық сауда-саттық көлемі 12 процентке өсті. Оның ішінде Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда айналымы соңғы 5 жылда бір жарым есеге ұлғайды. Сауда көлемін ұлғайту бойынша жұмыстарды әлі де жеделтеду керек. Қазақстан Орталық Азия елдеріне 1 миллиард долларға дейін тауар экспорттай алады. Мұндай мүмкіндік өзге де мемлекеттерде бар деп білемін. Осы ретте біз бірыңғай тауар өткізу жүйесін құру үшін күш біріктіру керек. Аталған жүйе Еуразиялық экономикалық одақтың және ТМД елдері мен үшінші мемлекеттердің нарығына шығуға жол ашады.