Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде Абайдың ескерткішін ашады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент мінген ұшақ бірер сағат бұрын Сеул қаласының әуежайына келіп қонды. Айта өту керек, пандемия басталғалы бері ресми Сеул мұндай жоғары деңгейдегі қонақтарды қарсы алмаған.

Қазақстан Президенті – пандемия басталғалы бері бұл елге мемлекеттік сапармен келген әлемдік деңгейдегі бірінші көшбасшы. Қазақстан Президентін ел басшысы Мун Чжэ Ин өзі шақырған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапар бағдарламасы аса ауқымды. Жоғары деңгейдегі кездесулер өткізіп, алпауыт корпорациялардың жетекшілерімен келіссөздер жүргізеді.

Сондай-ақ БҰҰ-ның бұрынғы ьас хатшысы Пан Ги Мунмен жүздесу жоспарланған. Бұл сапардың саяси салмағы, экономикалық һәм рухани мәні өзгеше болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде қазақтың бас ақыны Абайдың ескерткішін де ашады.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Қазақстан Президентінің сапары Корей халқы үшін маңызды оқиғамен тұспа-тұс келді. Осы күндері жергілікті халық Тәуелсіздік күнін тойлап жатыр. Биыл бұл маңызды датаны атап өтуге пандемияға байланысты шектеу қойылған. Сондықтан көшеден ілінген ту мен байрақ асынған сеулдіктерді ғана көресіз.

Мереке – Кванбокчоль деп аталады. Қазақша тура аударсаңыз, сәуленің, жарықтың оралуы деген мағынаны білдіреді. Өз тарихында талай теперішті көрген корей халқы, әсіресе аға буын бейбіт күннің қадірін жақсы біледі. Елінің экономикалық құлдырауы мен өрлеуінің куәсі 72 жастағы Ли Дон Гук – Сеулдің байырғы тұрғыны. Өз қолымен өсірген жасыл бақшасында, Тәуелсіздік күнінде тәтті үлістіреді, бізге де дәм таттық.

Оңтүстік Кореяда орташа өмір сүру ұзақтығы сексеннен асып жығылады. Сондықтан болар, жетпістен асса да Ли Дон Гук тың. Қарияның бойынан қазаққа тән қонақжайлық та есіп тұр.

Ли Дон Гук, Сеул қаласының тұрғыны:

– Корей халқы да – өте қонақжай халық. Мен туристерді үнемі үйіме шақырып, шай беремін, тәтті ұсынамын. Түрі мен түсіне, елі мен жеріне бөлмеймін. Мен үшін әрбір қонақ құт. Осы қонақжайлық қасиетті қазіргі жастар жоғалтпаса дер едім.

Корей халқының қонақжайлығына да пандемия тұсау болды. Міне, осымен бір жарым жыл індет басталғалы ресми Сеул мәртебелі меймандарды мүлдем қарсы алған жоқ. Коронавирустық пандемия кезінде Кореяға жасалған жоғары деңгейдегі алғашқы мемлекеттік сапарды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасамақ. Бұл сөзсіз елдер арасындағы жақындықтың белгісі деп бағалайды сарапшылар.

Ом Гу Хо, Азия-Тынық мұхиты аймағын зерттеу орталығының директоры:

– Президент Тоқаевтың бұл сапары біздің елдер арасындағы қатынастың қаншалықты жақын екенін білдіреді. Мен екі ел Корей экономикасын дамыту платформасы мен Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жобасының 10 бағыты аясында ынтымақтасады деп үміттенемін. Әсіресе цифрлық салада, сенсорлық технологияларда, Қазақстанда сұранысқа ие дрондарда, сондай-ақ ақылды қалалар мен фермаларды дамытуға басымдық беріледі деп ойлаймын. Біз Қазақстанда жасыл технологияларға, су ресурстарын басқару жүйелеріне үлкен көңіл бөлінетінін білеміз. Бұл салаларда біз де ынтымақтаса аламыз.

Ынтымақтастыққа деген ынта бар. Қос тарапта да. Жалпы, президенттер арасындағы саяси сыйластықтың деңгейі жоғары. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланған соң алғаш мемлекеттік сапармен келген де осы Мун Чжэ Ин болатын. Саясаттағы серіктер, өмірде құрдас, осылайша Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары таңғы самал елінен есер лепті еселей түспек.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Мемлекет басшысының мемлекеттік сапар аясындағы күн тәртібі өте тығыз. Жоғары деңгейдегі қабылдаулар, келіссөздер мен келісімдер. Корей экономикасының ғажайыбын жасаған бизнестің алыптарымен кездесулер. Бір күнде яғни ертең 15 шақты іс-шара жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары жергілікті халық үшін тағы бір маңызды оқиғамен есте қалады. Осы сапары аясында біздің президент корей халқының батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегін отанына тапсырады. Корей халқының тарихы қазақтың руханиятымен  жалғаспақ. Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Сеулде қазақтың бас ақыны Абайдың ескерткішін ашады.

Гүлжан Марқабаева, Владислав Цой, Ержан Рахманбердиев, Бақытбек Нұртаев