Ауғанстаннан 25 қазақстандық эвакуацияланды

Бүгін кешкі сағат 17:00-де Ауғанстаннан эвакуацияланған 42 азамат Алматы қаласына жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы еліміздің Қорғаныс министрлігі хабарлап отыр. Олар еліміздің әскери әуе күштерінің С-295 ұшағымен ұшып келді. Жолаушылардың арасында Қазақстанның 25 азаматы болды. 15-і ересек, 10-ы бала. Сондай-ақ Қазақстанға оралғандар арасында біздің елшілік қызметкерлері де бар. Көрші қырғыз елінің өтініші бойынша дәл осы бортпен Қырғыз Республикасының 14 азаматы эвакуацияланды. Гуманитарлық операция барысында Қазақстан елшілігінен көмек сұраған 1 Ресей азаматы мен 1 Литва азаматы Ауғанстаннан шығарылды.

Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы әрдайым шетелдегі азаматтарының мүдделері мен құқықтарын қорғауға дайын.

Ербол Шәкіров, ҚР Ауғанстандағы әскери атташесінің көмекшісі:

– Қазір Кабул әуежайындағы ахуал өте қиын. Тек Америка Құрама Штаттары және НАТО ұйымына кіретін елдердің ұшақтары ғана қонуға рұқсат алып отыр. Оған қарамастан біздің ұшқыштар ұшағын қондыра алды. Қазақстан Президенті мен Қорғаныс министрлігіне жәрдемдескені үшін алғыс білдіремін.

Қайратбек Жақыпов, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы бас консулдығының консулы:

– Біз Қырғыз Республикасының азаматтарын қарсы алып жатырмыз. 14 азаматымыз Ауғанстаннан Қазақстанның бортымен жеткізілді. Біз азаматтарымыздың аман-есен эвакуацияланғанына Қазақстанға алғысымызды білдіргіміз келеді. Енді олар бүгін автокөлікпен Қырғызстанға аттанады. Ауғанстандағы әріптестерім әлі де қанша азаматымыз қалғанын есептеп жатыр.