Қ.Тоқаев Ауғанстаннан келген БҰҰ қызметкерлеріне қолдау көрсетуді тапсырды

Саяси дағдарыс орнаған ауған елінен қазақстандықтарды эвакуациялау жүргізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған арнайы операция. Кеше 42 азамат Алматы қаласына жеткізілген. Отандастарымызбен бірге Қазақстан Елшілігінен көмек сұраған елдердің де азаматтары аман-есен елге әкелінді. Гуманитарлық операция бұнымен шектелген жоқ. Саяси дағдарыс орнаған елден БҰҰ-ның қызметкерлерін алып шығу үшін Қазақстан қол ұшын созды.

42 адамның Алматы әуежайына аман жеткізілгенін кеше Қорғаныс министрлігі хабарлаған еді. Олар Қазақстанның әскери әуе күштеріне тиесілі С-295 ұшағымен эвакуацияланды. Арасында Қазақстанның 25 азаматы бар. Оның 15-і ересек, 10-ы бала. Сондай-ақ елге оралғандар арасында біздің елшілік қызметкерлері де бар. Көрші қырғыз елінің өтініші бойынша дәл осы бортпен Қырғыз Республикасының 14 азаматы да Ауғанстаннан әкетілді. Гуманитарлық операция барысында Қазақстан Елшілігінен көмек сұраған тағы үш шетел азаматы Алматыға жеткізілген.

Ербол Шәкіров, ҚР Ауғанстандағы әскери атташенің көмекшісі:

- Қазір Кабул әуежайындағы ахуал өте қиын. Тек Америка Құрама Штаттары және НАТО ұйымына кіретін елдердің ұшақтары ғана қонуға рұқсат алып отыр. Оған қарамастан біздің ұшқыштар ұшағын отырғыза алды. Қазақстан Президенті мен Қорғаныс министрлігіне жәрдемдескені үшін алғыс білдіремін.

Қайратбек Жақыпов, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы бас консулдығының консулы:

- Біз Қырғыз Республикасының азаматтарын қарсы алып жатырмыз. 14 азаматымыз Ауғанстаннан Қазақстанның бортымен жеткізілді. Біз азаматтарымыздың аман-есен эвакуацияланғанына Қазақстанға алғысымызды білдіргіміз келеді. Енді олар бүгін автокөлікпен Қырғызстанға аттанады. Ауғанстандағы әріптестерім әлі де қанша азаматымыз қалғанын есептеп жатыр.

Бүгін түнде Ауғанстан елінен Алматы әуежайына тағы бір борт келіп қонды. Ұшақта Біріккен Ұлттар Ұйымының 140 қызметкері болған. Олар Ауғанстандағы ахуал реттелгенше өз жұмысын қашықтан жүргізбек. Айта кетерлігі, жағдай ушыққанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстаннан көмек сұрап, қызметкерлерін уақытша Қазақстан аумағында орналастыруды өтінген еді.

Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанда бірнеше ай бойы жұмыс істейді. Олардың арасында АҚШ, Канада, Шри-Ланка, Африка елдерінің азаматтары бар. Президентіміз олардың қызметіне қолдау көрсетуді тапсырды. Ал, еліміздің Ауғанстандағы елшілігі өз жұмысын жалғастырып жатыр. Ол жақта бірнеше қазақ отбасы бар. Олармен үзбей байланыс орнатып отырмыз. Барлық қажетті шараны жүзеге асырамыз.

Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:

- Әріптестерімізді қабылдаған Қазақстан Үкіметінің қолдауына үлкен алғысымызды білдіреміз. Біздің бұл қызметкерлер әлемнің әртүрлі мемлекеттерінің, оның ішінде еуропалық және Солтүстік Америка және басқа аймақтағы елдердің азаматтары. Әріптестеріміз осы Алматыда отырып, Ауғанстанға көмек көрсету бағытында жұмысын жүргізе бермек. Бірақ мынаны нақты айтқым келеді: Біріккен Ұлттар Ұйымы осы сындарлы кезеңде Ауғанстаннан кетпейді, біраз бөлігі сол жақта қалып, гуманитарлық көмекке мұқтаж миллиондаған ауған азаматына көмек көрсету ісін жалғастырады.

Ия, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев уақыт оздырмай БҰҰ-ның өтінішін орындау туралы шешім қабылдады. Бұл - Қазақстан мен БҰҰ-ның өзара іс-қимылы шеңберіндегі шара әрі осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелердің бірі. Қиын-қыстауда қолдау көрсеткен Қазақстан билігіне Қырғызстан да дән риза. Бұл туралы екі елдің Сыртқы істер министрлері телефон арқылы сөйлескенде мәлім болды. Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Ауғанстандағы Қырғызстанстан елшілігіне көмектескені алғысын білдірсе, Мұхтар Тілеуберді бауырлас елдер бір-біріне әрдайым қамқор болып, алдағы уақытта да көмек қолын созатынын жеткізді.

Авторлары: Бахыт Топтаева, Алмас Садуақас, Анастасия Вылегжагина, Кенже Амраев