Қазақстанның паралимпиада құрамасы Токиоға аттанды

Бірер күннен кейін Паралимпиада ойындары басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ресми ашылу салтанаты 24 тамызға жоспарланған. Осыған байланысты ұлттық құрама бүгін жолға шықты. Олар соңғы дайындығын Алматыдағы арнайы базада пысықтаған еді. Ұйымдастырушы тараптың талабы бойынша барлық спортшы карантинде болды.

Айта кетейік, биылғы байрақты бәсекеге жерлестеріміз 25 лицензия жеңіп алды. Әсіресе жүзуде 7, дзюдода 6 және пауэрлифтингтен 5 жолдамамыз бар. Бұған қоса қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика, таэквондо, ескек есу және оқ ату бағыттары бойынша да сынға түседі.

Алғашқы бәсекелер 25 тамызда басталады. Қазақстандық спортшылар арасынан ең бірінші болып жүзу шеберлері жарысқа араласады.

Токиодағы Паралимпиада ойындары 5 қыркүйекке дейін жалғасады.