Алматыда пәтер жалдау күрт қымбаттады. Сарапшылар не дейді?

Алматыда пәтер ақысы қымбаттады. Бұл ең алдымен студенттерге қиын болып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені көпшілігі жоғары оқу орнынан әлі жатақхана алмаған. Уақытша пәтер жалдап тұруға қалта көтермейді. 

Алматыда жыл сайын жаңа оқу жылы басталарда жалдамалы пәтердің құны өседі. Ал «биыл баға тым шарықтап кетті» деп әлеуметтік желіде белсенді жастар дабыл қағуда. Олар жалдау бағасы 30 мың теңгеден 50 мыңға дейін артқанын айтады. Қыркүйекте студенттер дәстүрлі оқу форматына қайта оралады. Көпшілігі жатақханадан орын тие ме деген үмітте. Әдетте жатақхана әуелі бірінші курс студенттеріне және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына беріледі.

Жанат Атаниязова, ата-ана:

– Біреуінің қалтасы көтереді, біреуінің қалтасы көтермейді. Жатахқана тезірек берілсе деген үміттеміз бар. Алматы қаласында пәтер жалдап тұру мүмкін емес. Қымбатшылық.

Мұхтар Үсейін, 4-курс студенті:

– Екі бөлмелі пәтерлер 250-280 мыңнан. Қалта көтере бермейді. Бірақ амал жоқ, оқу керек. Тұру керек. Пәтер керек. Пәтер таппай жүрген дос балаларым көп. Көбісі отбасылы адамдарға береді. Қыздардың өздеріне бере бермейді.

Бағаның қымбаттауы сұраныстың көптігінен деп отыр мамандар. Әсіресе жаңа үйден пәтер жалдау қиын. Былтыр мұндай болған жоқ. Өйткені студенттер онлайн түрде оқыды. Көпшілігі қалаға келген жоқ. «Пәтерді жалға берушілер былтыр кеткен есесін биыл қайтарып алғылары келеді», – дейді риелторлар.

Бауыржан Ержанұлы, риелтор:

– Өткен жылы 10-20 пайызға түссе, сол балансты қайтарып, баға көтеріліп жатыр. Өйткені сұраныс бар. Сол бағаны көтеретін сұраныс қой. Сол сұранысты көріп пәтер иелері бағаларды көтеріп жатыр.

Қыста және көктемде Алматыда баспана бағасы да күрт өскен болатын. Бірақ қазір біршама тұрақталды. «Ал пәтер ақысы қазан айына дейін көтерілмесе төмендемейді», – дейді мамандар. Оған дейін студенттердің бірігіп жалдаудан басқа амалы жоқ.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов