Баланы мектепке дайындауға қанша ақша кетеді

1 қыркүйекте қазақстандық мектептер дәстүрлі оқыту форматына оралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ата-аналардың сабаққа қажет заттарды алуға бір аптадай уақыты бар. Еліміздегі хабарландыру сайттарының бірі өз пайдаланушыларының жиі іздейтін тауарлар тізімін жасап, орташа бағаны анықтап көрді. Сонымен оқушыға пенал, рюкзак мектеп формасы мен ноутбуктен тұратын негізгі жиынтық қажет. Оның орташа құны 66 500 теңгені құрайды. Мектеп формасын кию биыл міндеттелмесе де, сайт пайдаланушылары «мектеп формасы» деген тіркес бойынша іздеу сұрауларын енгізуді жалғастыруда делінген хабарламада. Сайт сарапшылары өткен жылмен салыстырғанда Қазақстанда оқушыларға арналған тауарларға сұраныс 2 есеге, ал ұсыныс 3,5 есеге өсті деп түйді. Сонымен қатар соңғы екі айда сайттың іздеу жүйесіне репетиторларға қатысты сұрау көп түскен.

Шағын және орта бизнестің несиеге сұранысы артты

Елімізде ірі бизнестің несиеге сұранысы төмендеп, шағын және орта бизнестің сұранысы керісінше артты. Ұлттық банктің қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті осындай ақпаратпен бөлісті. Бұл банктер арасындағы сауалнама нәтижелері. 2021 жылдың II тоқсанында шағын бизнес тарапынан банктерге 155 мың өтінім түскен. Ірі банктерде несиеге деген сұраныс ірі бизнес тарапынан төмендегенімен, орта бизнесте сұраныс артқанын атап өтті. Жалпы несие өтінімдерінің саны осы аралықта 9% өсті. Үшінші тоқсанда банктер кәсіпкерліктің барлық сегменті тарапынан сұраныс артады деп күтеді. Сонымен қатар банктер әзірге несие беру талаптарын өзгертпейтінін хабарлады.

Оңтүстік Азияның экономикалық өсімі баяулады

Коронавирустың «Дельта» штамының таралуы және вакциналаудың баяу қарқыны Азия аймағының экономикасын құлдыратты. Қыркүйек айының соңында Азиядағы өндірістен түсетін пайда соңғы алты тоқсанда алғаш рет төмендеп кетуі мүмкін. Шілдеде Оңтүстік-Шығыс Азиядағы зауыттардың өнімділігі азайды деп хабарлайды Reuters. Соңғы уақытқа дейін Азия экономикасы өткен жылғы рецессиядан кейін белсенді түрде қалпына келді. Бірақ инфекцияның жаңа толқынына байланысты дүкендер қайтадан босап, зауыттар жабылып жатыр. Ал сонымен бірге корпоративті табыс қарқыны төмендейді. Жалпы, жылдық мөлшерлерде экономикалық көрсеткіштер тұрақталып келеді, бірақ тоқсандық көрсеткіштердің өсімі баяу. Reuters агенттігінің хабарлауынша, 2021 жылдың үшінші тоқсанында Азиядағы ең ірі компаниялар бір жарым жылда алғаш рет кірістің төмендегенін тіркейді. Сарапшылар табыс көлемі шамамен 6 процентке төмендейді деп болжап отыр. Мамандардың айтуынша, аймақтың экономикалық көрсеткіштері вакциналау қарқынына және Қытай өз экономикасын қолдау үшін қосымша шараларға қабылдай ма соған байланысты болады.

Мұнай бағасы бірнеше күн қатарынан өсіп келеді

Мұнай бағасын сенімді түрде өсіп келеді. Мұның себептерінің бірі Мексика шығанағындағы мұнай платформасында болған өрт. Тілсіз жау елдегі күнделікті мұнай өндірісін ширек санға қысқартты деп хабарлайды The Wall Street Journal. ICE Лондон биржасының мәліметтері бойынша, дәл осы сағаттарда Brent бағасы 70 доллар, WTI маркалы мұнай 67 доллар деңгейінде сатылады. Өткен аптаның соңына қарағанда баға шамамен бес долларға өсті. Сондай-ақ Қытайдағы эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы және коронавирусының жаңа «Дельта» штамының таралуының баяулауы туралы жаңалықтар трейдерлердің көңіл-күйіне оң серпін береді. Бұл өз кезегінде бұл шикізатқа сұраныстың өсуіне ықпал етеді делінген хабарламада.

Ұлттық банк деректеріне сай доллар 424, 63 теңге, еуро 498,13 теңге. Ресей рублі 5,74 теңге.