Қазақстанда карантин режимі жеңілдетіледі

ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) отырысы өтті.

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты ВАК карантиндік режимді жеңілдетуге қатысты бірқатар шешімді мақұлдады. 

1. 2021 жылғы 28 тамыздан бастап: 

«Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес объектілеріне демалыс күндері сағат 24:00-ге дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшыларына – «Ashyq» қосымшасы арқылы расталған қызметкерлер мен келушілердің «жасыл мәртебесі» (вакцина алғандар, 7 күннен кем емес теріс нәтижесі бар ПТР тестінің болуы) болған жағдайда сағат 02:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат;

сенбі күні – қоғамдық көлік қызметіне рұқсат беріледі. 

2. Осы жылғы 30 тамыздан бастап жұмыс күндері:

«Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің жұмыс уақыты 22:00-ден 24:00-ге дейін, «Ashyq» жобасы көшбасшыларының жұмыс уақыты 24:00-ден 02:00-ге дейін ұзартылды.

Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Алматы қаласында карантиндік шаралардың жеңілдетілуін демалыс күндеріне биылғы 4 қыркүйектен бастап, ал жұмыс күндеріне биылғы 6 қыркүйектен бастап енгізу жоспарлануда.

Сондай-ақ ВАК-та жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Премьер-министрдің орынбасары осы жылғы тамыз айының соңына дейін орындау үшін келесі тапсырмаларды берді:

медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда, педагогтер мен техникалық персоналды вакциналауды аяқтау;

санитариялық талаптарға сәйкес мектептердің толық дайындығын қамтамасыз ету;

педагогтар, қызметкерлер және ата-аналар үшін барлық білім беру ұйымдарында «Ashyq» жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету;

білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау;

мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау.

ВАК отырысында премьер-министрдің орынбасары басқа да бірқатар тапсырма берді.