Тараздағы жарылыс: зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетіледі

Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылыстан зақымданған үйлердің барлығы қалпына келтіріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл туралы Байзақ аймағында болған төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссияның төрағасы, Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр аймаққа сапары кезінде айтты. Құрамында бірқатар ведомоства өкілдері бар комиссия бүлінген нысандарды аралап, мән-жайға қанықты. Одан соң өрт салдарын жоюға бағытталған жұмыстармен танысып, жараланған әскерилер және өрт сөндірушілермен кездесті. Үкіметтік комиссияның алдына залалды бағалау және өрт пен жарылыс салдарын жою, зақымдалған инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау, медициналық көмек шараларын көрсету бойынша міндеттер қойылған. Қазіргі таңда келтірілген шығын көлемі анықталуда. Бірінші кезекте тұрғын үйлер, кәсіпкерлік және инфрақұрылымдық нысандар қалпына келтіріледі. Оқиғаның себебі жедел-тергеу тобымен анықталады.