Жарылыс болған әскери базадан тағы бір адамның денесі табылды

Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан мамандар оны үйіндінің астынан алып шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір нақты кім екендігі белгісіз. Болжам бойынша із-түзсіз жоғалған үш адамның бірі болуы мүмкін. Арнайы сараптама тағайындалды. Қалған екі адамды іздестіруге 180 адам мен 40 техника жұмылдырылып, іздестіріліп жатыр.

Талғат Мамаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Өрт болған жерден табылып отыр. Кім екені әлі белгісіз. Өкінішке орай бүгін 14 адам өлімі анықталып отыр. Қазір тиісті сараптамадан өткеннен кейін анықталады.

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Бүгін қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына бағышталып құранхатым оқылды.