Қазақстанда 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көтеріледі

Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге дейін өседі. Бұл туралы Президент жолдауы кезінде айтты.

 Осындай өзгерістер келер жылдан бастап күшіне енеді.

«Ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері көтерілген жоқ. Әлемдік коронакризис халықтың табысына қысымды күшейтті. Бұдан басқа, ең төменгі жалақы деңгейі бойынша Қазақстан ТМД-ның бірқатар елінен төмен. Сондықтан 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны ағымдағы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, Қазақстанда 6,5 миллионан астам адам жалдамалы жұмысшы болып істейді. Жалақы – олардың негізгі табыс көзі. Бірақ соңғы 10 жылда жалақы төлеу қорының өсімі кәсіпорын иелері табысының өсімінен шамамен 60 процентке артта қалды. Осыған байланысты Үкімет бизнесті өз қызметкерлерінің жалақысын өсіруге  ынталандыратын шаралар әзірлейді. Жалақыны өсіретін жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалып, қолдау көрсетіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еңбекақы қорына жүктемені неғұрлым түсінікті және қарапайым ету керек. Микро және шағын бизнес иелеріне жиынтық жүктемені 25%-ке дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу қажет. Бұл бизнеске мыңдаған қызметкерді көлеңкеден шығаруға мүмкіндік береді.