425,17 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Микроқаржылық ұйым банк бола ала ма?

  • 256
  • UPD: 12:39, 03.09.2021

Пандемия біраз елді есеңгіреткенмен, жағдайды бағамдап, бизнесін шырқ үйіріп әкеткендер бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндайға біздің ел де, яғни мемлекет те көмегін беріп, қол-ұшын созады. Президент жолдауында микроқаржылық ұйымдарға сенім артуға болатынын айтты. Ал бұл ұйымдар банктің қызметін атқаруға ниетті. Қазір қаржылық реттеуші екі үміткермен жұмыс істеп жатыр.

Елдегі банктердің қатары толығуы мүмкін. Әзірге екі микроқаржылық ұйым осындай әлеуетке ие. Оның қатарында KMF компаниясы бар. Капиталы 50 млрд теңге болатын микроқаржы ұйымының басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов онлайн-конференция барысында трансформация хақында талқылау болғанын жеткізді. Дегенмен акционерлердің шешімі ескерілетінін атап өтті. Жалпы банк болу мүмкіндігі мұндай ұйымдардың қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыруға ықпал етеді. Қазір елде 220 микроқаржы ұйымы бар. Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова ұйымдарды трансформациялауға байланысты заңға өзгеріс енгізу жобасы дайындалғанын мәлімдеген еді. Олардың таңдау мүмкіндігі бар. Тек ұйым ретіндегі қызметін жалғастыратын болса, сақтандыру және лизингтік опцияларды енгізу қызметін де қамтуы мүмкін.

Ірі микроқаржылық компания қор биржасына шықпақ

Осы ірі микроқаржылық компания қазақстандық қор биржасына шығуды көздейді. Олар 20 млрд теңге болатын облигациялар шығаруды межелеп отыр. Құнды қағаздардың кірістілігі 13 процентті құрауы тиіс. Алғашқы шығарылымның айналым мерзімі – 2 жыл. «KMF» активтері – шамамен 160 млрд теңге. Яғни нарықтың 27 процентіне тең. Биыл оның әлеуетін ФИТЧ рейтингі растады. «KMF» микрокәсіпкерлік пен шағын бизнес саласында жұмыс істейді. Әсіресе, ауылшаруашылығы және сауда саласындағы үлесі басым. Ал тұтынушылық қарыз 8 процент шамасында.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында микроқаржылық компаниялар активі 574 млрд теңгеден асты. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 44% көп. Жылдың соңына дейін оның қаржылық нарықтағы үлесі 2% артуы тиіс. Елде 23 екінші деңгейлі банк бар. Оның жиынтық активі 34 трлн теңгеден асады.

Энергия тапшылығы орын алуы мүмкін

2027 жылға қарай елде электр энергиясының тапшылығы байқалады. Мемлекет басшысы да өз Жолдауында бұл мәселені айналып өтпеді. Ол әлем иек артып отырған атом энергетикасына көшуді ойластыратын кез келгенін айтты. Бұл Үкіметтің жұмысы. Ал әзірге белгілісі, алдағы бес жылда елде жасыл энергетикаға үлкен көңіл бөлінеді. Осы мақсатқа бюджеттен 1 трлн теңге қарастырылып отыр. Жаңартылатын энергия көздері 182-ге жетеді. Олардың жалпы қуаты 4,5 мың МВт, ал саладағы үлесі 6 процентті құрамақ. Қазір 123 түрлі қуат көзі жұмыс істеп тұр. Болжам бойынша елдегі энергия тапшылығы 2023 жылы сезіле бастайды. Осы ретте 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім әзірленбек. Электр станциялары жаңғыртылады. Бұған 235 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Оның негізінде 1 584 МВт қосымша қуат алынады. Ал биыл министрлік маневрлік режимі бар генерациялау қондырғыларын салу үшін аукциондық сауда-саттық жүргізбекші. Бүгінде елде 180-нен аса электр станциясы өндіретін қуаттың 9 процентін қарапайым халық тұтынып отыр. Оның 12 млрд кВт/с Павлодар облысына тиесілі.

Іссапар аз болса да, шығын көп

Әлемде іссапарлар азайды. Коронавирустың Дельта штамы жағдайдың ушығуына себеп болған. Бұл туралы жаһандық іскер саяхатшылар қауымдастығы хабарлады. Бизнес жолаушылардың 85 процентін індеттің өршуі алаңдатады. Көбі іссапар уақытын кейінге шегеріп қойған. Тіпті ел ішінде қатынауға дауаламай отырғандар бар. Жұмыс сапарымен шетел асып отырғандар қалыпты жағдайға қарағанда жол шығыны едәуір артқанын байқаған. Жалпы пандемия басталғалы әлемдегі брент саналатын 50 әуе компаниясы табысының 40 процентін жоғалтқан. Ал жолаушылар тасымалы тек 2024 жылы ғана қалпына келуі мүмкін деген болжам бар.

Хабар 24 телеарнасы