Үкімет диқандарды техникалармен қамтамасыз етуге көмек беруі керек – Президент

Елде субсидия мүлдем жойылып, орнына төмен пайызбен несие беріле бастауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруаларды алаңдатып отырған мәселенің бірі осы. Мемлекет басшысы солтүстік өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде диқандармен осы жөнінде сөйлесті. Мемлекет қайткен күнде де жер жыртып, астық өсіріп отырған оларға қолдау көрсетуді доғармайды. Бастысы, саладағы солқылдақ тұстарды дереу анықтап, кем-кетігін түзеу керек. Биыл жазда біраз өңірде қуаңшылық болғанын білеміз. Соның салдары астық тапшылығына әкелмей ме?

Қамбасынан астық арылмайтын бір аймақ болса, ол – Солтүстік Қазақстан. Ел астығының үштен бірін осы өңір өсіреді. Биыл төрт миллион гектардан астам жерге егін салыпты. Бірақ теріскейде диқаншылықтың бір кем тұсы бар. Ауа райы құбылмалы болған соң, тәуекел де жоғары. 

Шынар Асанқызы, тілші:

– Биылғы жаз солтүстікқазақстандық шаруаларға оңай тимегенге ұқсайды. Өйткені, жаздың шамадан тыс ыстық болуы астықты тым қуратып жіберген. Сол себепті биыл егінге орақ ерте түсті. Әдетте мұндай жұмыс процесі қыркүйектің басында басталатын. Ал биыл күз басталмай жатып, астықтың жартысынан астамын жинап алды.

Астықты төкпей-шашпай жиып алу үшін 8 мыңнан аса комбайн егінге орақ салды. Диқандар «арық сөйлеп семіз шыққанды» жөн көре ме, әйтеуір биылғы өнім былтырғымен салыстырғанда әжептеуір аз болады деп отыр.

Медет Төлегенов, шаруа қожалығының басшысы:

– Үш ай жаңбыр көрмедік, сол қиын болды. Жоспарымыз өзгеріп кетті. Биыл егін жинауды бастағаннан кейін бірінші піскен бидайдан алып жатқанымыз 10 центнер ғана болды. Былтыр осы кезде 25 центнер алып жатқанбыз.

Ұшақтан түскен бойда Президент алдымен астық алқабына келді. Шаруалардың хал-жағдайын сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін осындай техникалармен қамтамасыз етуге көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, біздің ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолжетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мәселеге баса мән беремін.

Болашақта ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялар мүлдем жойылып, оның орнына пайызы төмен несиелер болады деген пікір бар. Шаруаларды алаңдататыны да осы. Бірақ Президент салаға үздіксіз қолдау көрсете береміз деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз дәстүрлі түрде Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінің нарығына ұн жеткіземіз. Жалпы Үкімет, Сауда министрлігі тарифті реттеу мәселесімен нақты айналысуға тиіс. Үкімет келешекте астыққа экспорт салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ қазір қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлі ерте деп ойлаймын. Сондықтан тауар өндірушілерге, әсіресе ұн шығаратын кәсіпкерлер үшін субсидия механизмін қайта іске қосуымыз керек. Біз қосымша құнының деңгейі жоғары дайын әрі өңделген өнімдерді экспорттауға тиіспіз.

Ал ала жаздай тыным таппаған шаруалардың маңдай терінің нәтижесі кеудесіне марапат боп қадалуы керек.

Теріскейде техниканың кем кетігі аз емес. Егіске салатын комбайн, трактордың 76 проценті тозған. Бірақ олқылықтың орнын толтырудың орайы келіп тұр. Немістің әйгілі «Класс» компаниясы шығаратын көліктер енді Петропавлда да құрастырылатын болды. Жаңадан ашылған зауытты Президент барып көрді. Зауыт басшылығы жыл соңына дейін 90 комбайн құрастырамыз деп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «CLAAS» өнімдерінің Қазақстан нарығына келуі - үлкен жетістік. Бұны өте ірі инвестициялық оқиға деуге болады. Өйткені компанияның халықаралық беделі жоғары, германиялық концернмен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату қажет.

«Класстың» комбайны арзанқол техниканың қатарынан емес. Әрқайсысы 120-130 миллион теңгенің төңірегінде. Бірақ кәсіпорын «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағына кіргендіктен, шаруалар оны жарты бағасына сатып ала алады. Арнайы экономикалық аймақ деп отырғанымыз өнімі экспортқа бағытталған кәсіпорындардың басын біріктіретін құрылым. «Алагеум Электрик» кәсіпорны да соның құрамында. Жылына 13 мың трансформатор шығарамыз дейді. Оның 98 проценті сыртқа сатылады.

Кәсіпорынға жас мамандар ауадай қажет. Өйткені жаңа зауыт тек заманауи әдіспен жұмыс істейді. Сондықтан «Серпін» бағдарламасымен білім алған 30-дан астам студентті жұмысқа тартып отыр.

Әділбек Жасұланов, трансформатор зауытының жұмысшысы:

– Біз шығарған трансформаторды пайдаланбайтын сала жоқ. Электр энергиясы барлық үйге, барлық жерге қажет. Электр энергиясыз ештеңе істей алмаймыз. Бұл трансформатор 3-4 үйді электр жарығын беруге қамтамасыз етуге жетеді.

Өңірде кәсіпорындар көптеп ашылса, жаңа жұмыс орны пайда болады деген сөз. Биыл бұл көрсеткіш еселенен түспекші.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- 9 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды, жыл соңында 12 мыңға дейін жеткіземіз. Пандемияға қарамастан, облыс экономикасының негізгі салаларында өсім қамтамасыз етілді.

Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығын алға сүйрейтін негізгі нысандар орналасқан. Сондықтан бұл өңір биліктің назарынан тыс қалмайды.