Қ.Тоқаев: Тәліптер келіссөздерге бейілді деп үміттенемін

Мемлекет басшысы Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты қабылдаған шешімдері жайлы айтты.

Сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде елшілер алдында Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер. Мен ТМД, Еуропалық одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын. Егер осындай ниет білдіретін болса, сіздердің мемлекет және үкімет басшыларымен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын. Тәліптер біртұтас, инклюзивті және өкілетті ұлттық үкімет қалыптастырып, өздерінің шын мәнінде байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді деп үміттенемін. Өйткені Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды деді Президент.

* Еске сала кетсек, Талибан ұйымына Қазақстандағы Жоғарғы соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешімімен тыйым салынған.