Баспана бағасы арзандай ма?

Кейінгі бір жылда еліміздің тұрғын үй нарығын бұрын-соңды болмаған қымбатшылық жайлады.

Зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану құқығы берілген бойда, баға бірден 10-12 процентке өсті. Кей өңірлерде тіпті 20 пайызға жоғарылады. Қордағы қаржының 1,8 трлн теңгесі осы мақсатқа жұмсалды.

Андрей Чеботарев, экономист:

– Баға өсіміне бүкіләлемдік қаржы дағдарысы ғана кедергі келтіруі мүмкін. Экономистер 2-3 жылдан кейін жаһандық экономика әлсірейді, сәйкесінше ахуал қиындайды деп болжап отыр. Бәрі коронавирус пандемиясына байланысты. Дағдарыс болып, ақша айналымы азайса, баға түседі. Соңғы рет мұндай жағдай 2008 жылы болды. Ал дағдарыстың қайталануын тілеу кімге де болсын қажет емес.

Айта кетейік, Үкімет өкілдерінің болжамы әзірге орындалмай отыр. Жаз айларында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі күзге қарай нарықтағы жағдай толық тұрақталады деген еді. Тіпті арзандауы мүмкін екенін алға тартқан.

Алина Буравцева, баспана сату сайтының сарапшысы:

– Бағаны түсіретін факторларды көріп тұрғаным жоқ. Ипотека беру жалғасып жатыр. Сұраныс болған жерде, солай болады. «Отбасы банкі» де қарқынын арттырып келеді. Мемлекет жеңілдетілген шартпен ипотека ұсынып жатыр. Бір ғана үміт – бұрынғы қарқынмен қымбаттау тоқтайды.

Жыл басында баспана бірден 12 процентке қымбаттаса, қазіргі қарқын төмен. Тамыз айының қорытындысы бойынша баға тек 2 процентке өскен. 

Алина Буравцева, баспана сату сайтының сарапшысы:

– Келісімшарттар құны да көбіне өзгеріссіз қалады. Мүлікті сатушылар бағаны түсіруге құлықсыз. Бар болғаны 1-2 процентке төмендетеді. Одан артыққа бармайды. Осыдан-ақ, нарықтағы жағдайды, яки сұраныстың жоғары екенін байқай беріңіз.

Риелторлардың айтуынша, үй арзандайды деу қисынсыз. Керісінше, сұранысқа сай ол өсе береді. Таяуда Президент кезекте тұрғандарға «Отбасы банк» арқылы 2 және 5 проценттік ипотекалық несие беруді тапсырған. Бұл механизм жұмыс істей бастаса, баға тағы шарықтай түсуі әбден мүмкін.

Авторы: Рауан Мыңбаев