Елбасы Жамбыл облысы әкімінің жұмысына баға берді

 

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына барды.

Елбасы әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету шараларымен танысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қираған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары туралы мәлімет берді.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасыға өңірдің әлеуметтік-экологиялық дамуы туралы баяндады. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысын да тілге тиек етті. Сондай-ақ аграрлық сектордағы мәселелерді шешуге және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар жөнінде сөз болды. Тұңғыш Президент өңір басшылығының жұмысына оң баға берді.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Біріншіден өзіңіздің және мемлекет басшысының атынан әр отбасыға көңіл айттық. Өзіңіздің телеграммаңызды жеткіздік. Екіншіден, үкімет тарапынан 10 млн тг, жергілікті бюджеттен 5 млн тг әрбір қайтыс болған отбасы мүшесіне 15 млннан қаржы бөлдік. Оған қосымша мемлекетіміздің заңына сәйкес, асыраушысынан айырылған т.б. жанұяларға 80 мыңнан 160 мың тг дейін былтырғы қосымша жәрдемақы қазір төлене бастады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Тәжірибең көп. Жағдайды білесің. Бірнеше облыста істеп келе жатырсың. Табысты бол.

Кездесуден кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Әлжан ана» тарихи музейінің қызметімен танысты. Мекеме аумағына ағаш егу рәсіміне қатысып, ауылдағы Мәдениет үйіне барды. Мұнда кітапхана және түрлі үйірмелер жұмыс істейді. 250 орындық концерт залы да бар. Жамбыл облыстық филармониясының артистері мен аудандық Мәдениет үйінің шәкірттері музыкалық шығармаларды орындап, патша көңіл көрерменді өнерімен тәнті етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– 4 мың тұрғыны бар ауылға керемет Мәдениет үйі қандай жақсы. Ішінде үйірмелері бар. Жастарымызға осындай жағдай жасап жатырмыз. Қарсы алып қуантқандарыңа көп рахмет. Дауыстарың шыңдала берсін. Бақыттарың өсе берсін. Ғұмырларың ұзақ болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, әлі талай қызықтарға жете береміз. Аман-сау болыңдар, рахмет.

Елбасы спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысын көрді. Аталған кешенде ауқымды арена, әмбебап зал және күрес пен боксқа арналған зал бар. Бүгінде кешенде төрт жүзден астам бала мен жеткіншек спорттың еркін күрес, тхэквондо, каратэ, волейбол, футбол, бокс сынды алты түрі бойынша жаттығады.

Авторы: Мирлан Алтынбек