Еліміздегі үй бағасы өз құнына лайық па?

«АҚШ доллардың құнын арттырса, онда теңге құнсызданады. Нәтижесінде құрылыс материалдары тағы қымбаттайды. Баға қазірдің өзінде қатты өскен. Халыққа үлкен салмақ түсіп тұр. Сондықтан Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы тез арада жүзеге асуы керек және ол әлеуметтік осал топтарға бағытталғаны абзал».

Тұрғын үй нарығындағы жағдайға қатысты экономист Мақсат Халық осындай пікір айтты. Сондай-ақ сарапшы Ұлттық банк ақша-несие бойынша инфляциялық таргеттеу саясатына көңіл бөлу керек деген пікірде. Бірақ егер Үкімет индустриалды бағдарламаларды тиімді жүзеге асыра алмаса, қаржы ұйымы оған қол жеткізе алмайды. Ипотекалық бағдарламалар іс жүзінде жемісін бермей отыр.

«Олар нәтижесіз болса, Ұлттық банк те қауқарсыз», - деді Мақсат Халық.

Жалпы таргеттік саясат 2025 жылға қарай инфляция деңгейін 3 процентке төмендету үшін қажет. Мұнда ипотекалық бағдарламалардың проценттік мөлшерлемелері төмендеп, арнайы бағдарламалар қажет болмайды.  Ал оған қолжеткізу үшін күш салу керек.

Мақсат Халық, экономист:

«Менің ойымша, Үкімет тез арада кеңес өткізуі керек. Құрылысшылар қауымдастығы, сарапшылар, Ұлттық банк бәрі бас қосып, тұрғын үйдің бағасы қаншалықты өз құнына лайық өсті? Соны айқындау керек болып тұр. Баға негізсіз өсуі мүмкін. Өйткені тұрғын үйдің құны тек ғана құрылыс материалдарынан құралмайды ғой. Жерді сатып алу бағасы, жұмысшылардың жалақысы бар, бәрін қарау керек. Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы табысы төмен азаматтарға, жетім балаларға, көп балалы отбасыларға бағытталуы керек деп ойлаймын. Өйткені ертең бұл топтағы азаматтар мүлде тұрғын үйге қолжеткізе алмай қалуы мүмкін».