Ауғанстан халықаралық заңнама бойынша міндеттерін орындауы тиіс – Қ.Тоқаев

БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы жалғасуда. Осымен 76 рет ұйымдастырылып отырған жиынның екінші күнінің қорытындысы бойынша ковид пандемиясымен күрес, ауған халқына көмек көрсету және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар мен ой-пікірлер айтылды.

Бұл күндері Нью-Йорк әлем назарында. Өйткені БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында 100-ден астам мемлекет және үкімет басшылары Нью-Йорктегі штаб пәтерде бас қосты. Жиынға қатысушылардың мақсат-мүддесі бір: халықаралық ынтымақтастықты дамытып, көмекке мұқтаж елдерге қол ұшын созу. Сондай-ақ ковид пандемиясымен күрес - күн тәртібіндегі негізгі мәселе. 

Бас хатшы Антонио Гутерриштің  айтуынша, ұйымға мүше елдердің серпіліс жасап, нақты әрекетке көшуі уақыт күттірмейтін шаруа. Әлемді жайлаған кедейшілік пен жаһандық тұрақсыздықты тоқтату әрі климат өзгерісімен күрес ертеңгі күніміздің кепілі деді ол. Бұл ретте саусақ бірікпей, ине ілікпейді, сондықтан барлық ел жұдырықтай жұмылуы қажет. Гибрид форматта өтіп жатқан жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға арнайы бейнеүндеу жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткен жылы COVID-19 дертіне 225 млн адам шалдықты. Медицина қызметкерлеріне, ғалымдар мен  вакцина өндірісіне атсалысқан мамандарға алғыс білдіреміз. Пандемияның экономикалық және әлеуметтік зардабы ауыр болды. Әлемде жұмыссыздық жайлап, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің қатары артып барады. Бүгінде 130 млн адам кедейлікте өмір сүреді. Пандемия осал тұстарымызды анықтап, халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетті. 

Мемлекет басшысы сондай-ақ Ауғанстандағы гуманитарлық жағдайға да тоқталды. Айтуынша, Қазақстан  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің келіссөздер жүргізу арқылы бейбітшілікті орнату идеясын қолдайды. Ауғанстанға көмек көрсету бойынша Алматы қаласында арнайы хаб құру бастамасы соның айқын дәлелі. Қиындыққа қарамастан Ауған халықына қолдау көрсету керек деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Этникалық, діни және гендерлік сипаты жағынан сан алуан немесе әртүрлі құндылықтарды ұстанатын топтар бір елде өмір сүре алатындай ортақ мәмілеге негізделген жүйе енгізілуі тиіс. Қазақстан Ауғанстанға тәуелсіз ел және көрші мемлекеттермен тату болатын егеменді ұлт ретінде қарайды. Ауғанстан халықаралық заңға сәйкес міндеттерін орындап, өз аумағында терроризмнің, есірткі мен адам саудасының жолы кесілгеніне көз жеткізу керек. Саяси көзқарасымызға қарамастан ауған жұртынан теріс айналмауымыз керек. Басты мақсат гуманитарлық көмек көрсету болып табылады. БҰҰ агенттіктері мен басқа да гуманитарлық ұйымдардың жұмысына кедергі келтірмейтін әрі қауіпсіз жағдай жасалу керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ертең БҰҰ Бас Хатшысы Антоиу Гуттериштің ұйымдастыруымен азық-түлік жүйесіне арналған саммитте видеоүндеу жасайды деп күтілуде. Ал жоғары деңгейдегі жиын қыркүйектің 28-іне дейін жалғасады.

Талғат Алманов