Қазақстан – Ресей арасындағы тауар айналымы үш жарым есе өсті

Пандемия Ресей мен Қазақстан арасындағы достық байланысты бекемдей түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос ел қауіпті дертпен күресте қоян-қолтық жұмыс атқарды. XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумда Қасым-Жомарт Тоқаев қиын кезде қол ұшын созған ресейлік дәрігерлерге алғыс айтты. Ал көрші елдің індетке қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып жасап шығаруын жоғары бағалады. Қазір біздің елде 7,5 мыңнан астам ресейлік кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Тағы үш жарым мыңы – екі елдің ортақ жобасы. Жалпы, форум тарихында түрлі саланы қамтитын 200 мыңнан аса келісімшартқа қол қойылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы 3,5 есе өсіп, 19 млрд долларға жетті. Соңғы 15 жылда Ресей Қазақстанға 16 млрд доллар тікелей инвестиция салды. Ал Қазақстан көрші елге 4,5 млрд долларға жуық қаржы құйды. Ресей біздің ел үшін басты стратегиялық әріптес болып қала береді. Сан салада берік ынтымақтастық орнаған. Әсіресе өндіріс, ауыл шаруашылығында бірлесе атқарған жұмыс көп. Сондай-ақ кейінгі жылдары энергетика саласында өсім барын айтып өту керек.